Биыл Қыземшек кентінде бірқатар әлеуметтік нысандар мен орталық саябақтар жаңғыртылып, жаңа демалыс және спорт алаңшалары пайдалануға берілді. Атап айтқанда, кенттің Орталық көшесінде шағын футбол алаңы салынды. Сондай-ақ №20, №22 және №23 үйлердің алдынан балалар ойын алаңшалары бой көтеріп, тұрғындардың игілігіне ұсынылды. Сонымен бірге, Шұғыла көшесі мен 2-ші мөлтек ауданында да осындай ойын алаңшалары орнатылды. Бұл туралы Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қыземшек кенті әкімі аппаратының жанындағы (28х17 м) жаңа шағын футбол алаңының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ал 1-2 мөлтек аудандар аумағында воркаут алаңдарын орнату жұмыстары мен мектепке апаратын бағытта велосипед жолағы бар аяқжол төсеу жұмыстары жақын күндері толық аяқталмақ.
Бұдан бөлек, №21 және №20 үйлердің маңындағы аллеяларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тротуар төселіп, қоршаулар мен урналар жаңартылды. Кенттің орталық саябағында 1 000 шаршы метрден астам аумақ абаттандырылып, жаяу жүргіншілер жолдарына плитка төселді және қоршаулар жөнделді.
Қыземшек кентіндегі жаяу жүргіншілер жолдары мен баскетбол алаңында да жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Мұнда 750 шаршы метр аумаққа тротуар плиткасы төселіп, 150 шаршы метр қоршау орнатылады.
Сонымен қатар, атауы жоқ айналма жол, Сарыарқа және Шұғыла көшелеріне жарық шамдары орнатылды. Тайқоңыр елді мекенінің Ақжайық көшесіне де жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, елді мекенге қоқыс контейнерлері орнатылуда. Сондай-ақ Тайқоңырда жаңа футбол алаңы салынып, пайдалануға берілді.
Бұл жөнінде бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қыземшек кенті тұрғындарымен өткен кездесуде мәлімдеді. Кездесу соңында аудан басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген өтініштерді жауапты сала мамандарымен бірлесіп шешу жолдарын қарастырды.

