Азаматтарды сапалы ауыз сумен қамту – «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасында қамтылған негізгі басымдықтың бірі. Партия өкілдері бұл мәселені жүйелі түрде бақылап, халық үшін өзекті сұраныс бойынша нақты шешімдер қабылдануына ұдайы ықпал етіп келеді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Осы санатта соңғы жылдары Шардара ауданының бірқатар елді мекендерінде су құбырларын тарту, ескі су жүйелерін техникалық тұрғыда жаңғырту және жаңа су көздерін іске қосу жұмыстары қарқын алды. «AMANAT» партиясының Шардара аудандық филиалы тұрғындардың ауыз суға қатысты өтініштері мен сұраныстарын шешуде жауапты мекемелермен бірлесіп, ауқымды мониторинг жұмыстарын жүргізіп келеді.
Аудандық партия филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Болат Раймуханов аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Нұраховпен және мердігер ұйым – «Алтын Констракшн» серіктестігінің жауапты өкілдерімен бірлесіп, Шардара топтық су құбырының құрылысы жобасының атқарылуын қадағалады.
Қуаттылығы тәулігіне 12 мың метр куб су жеткізетін құбырдың құрылысы 16,5 млрд. теңгені құрайды. Кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыстарға 2025 жылға 8,3 млрд. теңге қаралған. Құрылыс жұмыстарына барлығы 125 адам тартылған. Қазіргі таңда, екі желі бойынша 26 шақырым, әрқайсысы 13 шақырымнан құбыр тартылған. Жоба бойынша диаметрі 560 мм. құрайтын, SDR 17 маркалы полиэтилен су құбырлары төселген. Траншеялар қазылып, олардың тереңдігі бойынша талаптар сақталған.
Сонымен қатар, жоба аясында 14 бірлік ұңғыма қазу жұмыстары қолға алынған. Оның ішінде бір ұңғыманың тереңдігі 180 метрді құрайтын болса, қалған 13 ұңғыма – 110 метр тереңдікті қамтитын болады. Екі резервуардың іргетас шұңқыры қазылып, құрылыс алаңына 180 м3 – тас, 780 м3 – топырақ, 530 м3 – құм, 168 м3 – қиыршық тас, 104,6 тонна – арматура, 20 тонна – цемент жеткізілген. Бүгінгі таңда 500 метр куб болатын резервуардың табан бөлігі бетондалған. Қабырға бөлігінде арматура тоқу жұмыстары басталған. Құрылысшылар бетон құю үшін қалыптарды орнатуда.
Жолсыз жерлермен құрылыс материалдарын тасымалдау қиындықтарына қарамастан, өндірістік кесте қатаң сақталып, құрылыстың сапасы ерекше назарға алынған. Партияның Шардара аудандық филиалы ауданның инфрақұрылымдық дамуын жаңа деңгейге шығаратын бұл жобаның іске асырылуын жүйелі бақылауында ұстайтын болады.

