Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының халықпен кездесулері Қоғам ауылдық округінде жалғасты. Тұрғындармен өткен кездесуде аудан әкімі алдымен үстіміздегі жылдың 9 айында ауданда атқарылған жұмыстардың жайын баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Сондай-ақ ауыл округі бойынша жасалып жатқан жұмыстардың барлығы ауыл халқының ауызбіршілігінің арқасында жасалып жатқандығын айтып өтті. Бұл туралы Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәселен, Қоғам ауыл округі бойынша 2021-2025 жылғы ұлттық жоба аясында Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған бағдарламаға 6 адам қатысып, 9 468 000 теңге қайтарымсыз қаржы алған. Нәтижесінде 3 адам жұмыспен қамтылып отыр. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Қоғам ауылындағы ұзындығы 950 метр болатын Ынтымақ көшесіне, Мыңшұңқыр елді мекеніндегі ұзындығы 1200 метр болатын Ә.Сарбасұлы көшесі, Талапты елді-мекеніндегі ұзындығы 1300 метр Атамекен және ұзындығы 900 метр Тәуелсіздік көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ, Мыңшұңқыр елді мекеніндегі ұзындығы 700 метр болатын Ә.Сарбасұлы көшесін жарықтандыру үшін мердігер анықталып, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Мыңшұңқыр ауылында 4 қабатты 32 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, биылғы жылдың сәуір айында толығымен пайдалануға берілді. Одан бөлек тағыда 32 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілуде.
Жергілікті бюджет есебінен Талапты ауылындағы ұзындығы 500 метр болатын Атамекен көшесіне тас төсеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Бұдан бөлек ауыл округін абаттандыру бойынша Талапты ауылынан балалар ойын алаңшасы және Қоғам ауылынан балаларға арналған спорт алаңшалары салынып құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Шәуілдір-Түркістан бағытындағы Арыстанбаб кесенесі маңындағы айналма жолды абаттандыру үшін құрылыс жұмыстары атқарылуда. Аталған жұмыстардың барлығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Қоғам ауыл округінде өткен кездесуде тұрғындар ішкі көшелерді асфальттау мен жарықтандыру, электр желілерін қайта жаңғырту, бірқатар көшелерге атау беру сынды мәселелерді көтерді.
Аудан басшысы айтылған әрбір сауалдар мен ұсыныстарға жеке-жеке жауап беріп, бірқатар мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді.

