ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫН КӨРІП, КӘСІПКЕРЛЕРМЕН ТІЛДЕСТІ

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес ауданда құрылысы жүргізіліп жатқан бірқатар нысандарда болып, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Мердігер мекеме өкілдерімен және инвесторлармен тілдесіп, өндірістік кестеге сәйкес жұмысты дер кезінде аяқтауды тапсырды. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аудан басшысы алдымен Жетісай қаласының аумағын ұлғайтуға бөлінген 80 га аумақтағы көппәтерлі тұрғын үйлерде болды. Ондағы атқарылған жұмыстарды көріп, сапасын тексерді. Орын алған кемшіліктер бойынша жауапты сала басшылары мен мердігерлерге нақты тапсырмалар беріп, қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруді тапсырды.

Сонан соң Серік Үсенұлы ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметі Түркістан облысы департаментінің Мақтаарал ауданы бойынша шекара басқармасының «Жаңа ауыл» шекара бөлімшесіне барды. Бұған дейін жылыту маусымында 150-160 тонна көмір жағып, күл шығарып келген шекарашыларға жаңадан орнатылып жатқан табиғи газбен жылытылатын қазандықтарды орнату, жылу жүйесіне жүргізілген жөндеу жұмыстарын көрді. Қажеттіліктерін тыңдап, ұсыныс-пікірлерін назарда ұстайтынын жеткізді.

Әлеуметтік нысандарды аралау барысында аудан әкімі мемлекеттен бөлінген қыруар қаржыға кірпіші қаланғанымен, қолданысқа берілмей жатып қабырғасы қақырап, шатырынан су сорғалап тұрған Жетісай қаласындағы 1500 орындық мектепте болды. Мердігердің жауапсыздығы мен құрылыс сапасының төмендігінен мектептің жертөлесіне су жиналып, қабырғалары шөккен. Бұған дейінгі анықталған кемшіліктер бойынша жасалған ескертулердің ешбірі қалпына келтірілмеген. Мектеп құрылысының сапасы мен анықталған кемшіліктер, мердігер мекеме басшыларының жауапсыздығы бойынша тиісті органдарға хат жазуды жауапты сала басшыларына міндеттеген Серік Үсенұлы мектептің қабылдауға әлі дайын емес екенін айтты.

Сонымен қатар, ауданға инвестиция тарту арқылы өңдеу кәсіпорындарын салу, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздық деңгейін төмендеу мақсатында салынып жатқан өндірістік парк пен индустриялды аймақтардың құрылысын көріп, кәсіпкерлермен тілдесті. Құрылыс сапасы мен азаматтардың өмір қауіпсіздігіне баса назар аудару керектігін ескертті. Инвесторлар тарапынан айтылған инфрақұрылым мәселелерін қысқа мерзімде шешіп беруге уәде етті.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды