ИГІ ІСТЕР АЛДАҒЫ УАҚЫТТА ДА ӨЗ ЖАЛҒАСЫН ТАБА БЕРМЕК

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ жастар қанатының жетекшісі Ислам Сұңқар Еркінұлы Түркістан қаласында «Қазреставрация» РМК ұжымымен кездесу өткізді. Бұл туралы Қазақстан Халық партиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау, қайта жаңғырту және оны болашақ ұрпаққа аман жеткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен талқыланды.

Ұлт тарихының алтын қазығы саналатын Түркістандағы ескерткіштерді ғылыми негізде қалпына келтіру, реставрация сапасын арттыру, сала мамандарының кәсіби әлеуетін күшейту мәселелері күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі болды. Сонымен қатар «Қазреставрация» ұжымының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, алдағы уақытта бірлесіп атқарылатын жұмыстар жайы сөз болды.

Кездесу соңында депутат тарихи мұраны сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген мамандарға алғыс білдіріп, бұл бағыттағы жұмыстар әрдайым мемлекеттік қолдауда болатынын атап өтті.

Рухани астана – Түркістанда ұлттық құндылықтарды сақтау жолындағы игі істер алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

Сондай-ақ Түркістан қаласына жұмыс сапары барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ислам Сұңқар Еркінұлы «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ұжымымен кездесті.

Кездесу барысында жылумен қамтамасыз ету саласындағы өзекті мәселелер, кәсіпорын қызметінің қазіргі жай-күйі, сондай-ақ еңбек ұжымын алаңдатқан сұрақтар кеңінен талқыланды. Мекеме қызметкерлері өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, салада кездесетін түйткілдер мен оларды шешу жолдары жөніндегі ойларымен бөлісті.

Депутат өз кезегінде қызметкерлер көтерген мәселелер назардан тыс қалмайтынын айтып, жылу жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі қала тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті. Ашық әрі мазмұнды диалог форматында өткен кездесу екіжақты пікір алмасуға ұласып, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын көрсетті.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды