Қазақстан Халық партиясы Түркістан облыстық филиалының ұжымы «Халық аманаты» жобасы аясында Түркістан аумақтық балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болды. Партия өкілдері ерекше күтімді қажет ететін балалар мен олардың ата-аналарымен кездесіп, олардың жағдайымен танысты. Бұл туралы Қазақстан Халық партиясының Түркістан облыстық филиалы хабарлады.
Іс-шара барысында орталықта өткен «Толағай» атты спорттық жарыстар ұйымдастырылып, ата-аналар мен балалар белсенді қатысты. Орталық басшысы Берік Сейдуллаұлы Серікбаев жарысқа қатысушыларды ынталандыру мақсатында алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстаса, партия атынан жеңімпаздарға ақшалай демеушілік көрсетілді.
Спорттық шарадан кейін ата-аналармен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда әлеуметтік саладағы өзекті мәселелер сөз болды. Партия филиалының төрайымы З.М. Қамбарова ерекше балалардың мәселелерін шешу партияның басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Ата-аналар арбаға таңылған балаларды тасымалдау мәселесі, инватакси тапшылығы, сапасыз мүгедек арбалары, логопед пен дефектолог мамандардың жетіспеушілігі, спорт кешенінің қажеттілігі, сонымен қатар аутизм мен эпилепсияның жиілеуі туралы мәселелерді көтерді.
Сондай-ақ, ата-аналар ипо терапия – жылқымен емдеу тәсілін енгізуді ұсынып, Түркістанда ерекше балаларға арналған инфрақұрылымды жетілдіру қажеттігін айтты. 2025 жылдың қыркүйек айында аутизммен ауыратын балаларға арналған жаңа орталық ашу жоспары да айтылды.
Қазақстан Халық партиясы бұл мәселелерді назарға алып, әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруға уәде берді.