Келес ауданының диқандары жерді тиімді пайдаланып, өнімділікті арттырудың тың тәсілдерін меңгеруде. Бүгінде олар бір жылда үш рет өнім алу тәжірибесімен аграрлық салада еңбек өнімділігін еселеп келеді. Солардың бірі Біртілек ауылдық округінің тұрғыны Халық Асылбек. Ол биыл 3 гектар жерге үш рет егін егіп, мол табысқа қол жеткізіп отыр. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
– Ең бастысы – жерге жанашырлықпен қарау керек. Өткен күзде пияз егіп, ерте көктемде жинап алдық. Одан кейін картоп егіп, оны тамыз айында жинадық. Қазір үшінші өніміміз болгар бұрышын теріп жатырмыз. Әр өнім өз еңбегінің жемісін беріп отыр. Мұндай көп өнімді тәсіл – жер ресурсын тиімді пайдалануға, жергілікті халықтың табысын арттыруға зор мүмкіндік беріп отыр, – дейді шаруа.
Айта кетейік, биыл Келес ауданында 3500 гектар жерге егіс егілген. Оның ішінде 700 гектары – астық, 560 гектары – картоп, 1,3 мың гектары – көкөніс, 730 гектары – мал азықтық дақылдар. Сонымен қатар, ауданда 2 гектар жаңа жылыжай салынып, 63 гектар алқапта тамшылатып суару әдісі енгізілген.

