Бүгін сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он жетінші сессиясы өтті. Алқалы жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарына қатысты 21 өзекті мәселе қаралып, маңызды шешімдер қабылданды. Бұл туралы «AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Сессия жұмысына облыс әкімі Нұралхан Көшеров, «AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық және аудандық мәслихаттардың төрағалары, басқарма басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиынды облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің қатарында облыс әкімдігінің және тексеру комиссиясының жылдық есептері, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс пен ветеринария салаларындағы атқарылған жұмыстар тыңдалды.
Сондай-ақ облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге берілген лицензиялар мен келісімшарттардың орындалуы бойынша баяндама ұсынылды. Бұл бағыттағы жұмыстарды талқылау кезінде депутаттар нақты сын-ескертпелер мен ұсыныстарын білдірді.
Талқылау барысында жергілікті басқару, бюджеттік жоспарлау, әлеуметтік инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелер де көтеріліп, шешім жобаларына нақты ұсыныстар енгізілді.
Сессия соңында сөз алған облыс әкімі Нұралхан Көшеров қабылданған шешімдердің өңірдің дамуына оң әсер ететініне сенім білдіріп, халықтың мұқтажына бағытталған ұсыныстар үшін депутаттарға алғысын білдірді.