Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Отбасы және халықты әлеуметтік қолдау мәселелері» жөніндегі кеңес отырысы өтті. Жиында әлеуметтік әділеттілік және халықтың әл-ауқатын арттыру, 2025 жылғы Президент Жолдауы аясындағы басымдықтар және жүзеге асырылатын іс-шаралар жайы талқыланды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Кеңес төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібайдың төрағалығымен өткен жиынға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмас Әбдіқадыров және кеңес мүшелері мен партия филиалының жауапты қызметкерлері қатысты.
Жиынның ашылуында сөз сөйлеген Қалыйма Жантөреқызы күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігіне тоқталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді талдады.
«Президент Жолдауы ел өміріндегі әрбір бағытқа, соның ішінде әлеуметтік әділеттілік пен отбасылық саясатқа айрықша назар аударып отыр. «AMANAT» партиясы өз сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік теңдік пен халықтың әл-ауқатын арттыруды негізгі басымдық ретінде белгілеген. Бұл бағытта нақты шаралар мен партиялық бақылау жүйелі түрде жүргізіліп келеді», – деді Қалыйма Жантөреқызы.
Кеңес төрағасы Ғалымжан Елшібай өз сөзінде жиынның мән-маңызына тоқталып, Мемлекет басшысы атап өткен отбасы институтын нығайту мәселесіне ерекше мән берді.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мықты отбасы – мықты мемлекетке негіз болады» деген болатын. Шын мәнінде, берік әрі бақытты отбасы үйлесімді қоғамның тірегі. Сондықтан халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдау арқылы отбасылардың тұрақтылығын күшейтеміз. Бүгінгі кеңестің де өзегі – осы бағыттағы нақты қадамдарды айқындау», – деді ол.
Кеңесте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмас Әбдіқадыров «Әлеуметтік әділеттілік және халықтың әл-ауқатын арттыру: Президент Жолдауы аясындағы басымдықтар мен іс-шаралар» тақырыбында баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025 жылға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында Түркістан облысында 130 769 жаңа жұмыс орнын құру көзделсе, бұл Республика бойынша құрылатын жұмыс орындарының 14,5 пайызын құрап, ең жоғары көрсеткіш болып қалыптасқанын жеткізді.
«Мемлекет басшысы кедейлікпен күресті мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық міндет ретінде айқындады. Осы орайда Бірыңғай цифрлық платформа енгізіліп, атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәсілдері қайта қаралады. 2025 жылдың І және ІІ тоқсанында АӘК төлеуге қаралған 3,3 млрд теңге үнемделіп, бюджетке қайтарылды. Бұл – тиімді саясаттың нақты нәтижесі», – деді Алмас Әбдрахманұлы.
Сонымен қатар, ол субсидияланатын жұмыс орындары мен жастар практикасы бағдарламасының орындалу барысына тоқталып, бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салды. 32 465 адамды уақытша субсидияланатын жұмысқа тарту жоспарланса, бүгінде оның 29 882-сі жүзеге асқан. «Жастар практикасы» бойынша 11 052 жас қамтылуы тиіс болса, нақты көрсеткіш – 7 774 адам. Сондай-ақ, «Күміс жас» жобасы аясында егде жастағы азаматтарды жұмысқа орналастыруда да белсенділікті арттыру қажеттігі айтылды.
Кеңес барысында партия филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Еркебұлан Мадиярұлы сөз алып, жастар практикасы бағдарламасындағы кейбір талаптарды жетілдіру бойынша ұсыныстарын жеткізді.
«Көптеген жас мамандар тәжірибе жинау барысында тұрақты жұмысқа орналаса алмайды. Сондықтан жастар практикасының тиімділігін арттыру үшін еңбек нарығына бейімделген жаңа тетіктер енгізу қажет», – деді ол.
Кеңес мүшелері халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау және отбасылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында пікір алмасып, нақты ұсыныстар берді.
Жиынды қорытындылаған Қалыйма Жантөреқызы талқыланған барлық ұсыныстар мен бастамалардың хаттамаға енгізіліп, партиялық бақылауға алынатынын жеткізді.
«Біздің мақсат қоғамның әрбір тобының мүддесін ескеріп, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету. Отбасы – қоғамның діңгегі, оны қолдау мемлекет пен партияның ортақ міндеті. Сол себепті бүгінгі кеңестің шешімдері нақты іске айналады», – деді ол.
Жиын соңында қатысушылар Президент Жолдауының басым бағыттарын жүзеге асыруда партия мен қоғамның бірлескен іс-қимылы шешуші рөл атқаратынын атап өтті.