ХАЛЫҚПЕН ТҰРАҚТЫ БАЙЛАНЫС – БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Арыс қаласына жұмыс сапары барысында қаланың қысқы жылыту маусымына дайындығын тексеріп, жылу беру жүйесінің тұрақты жұмысын бақылады. Іс-шараға «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков, қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов және қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстық филиал төрағасы Арыс қаласының орталық қазандығын аралап, жылу жүйесінің техникалық жағдайын, жабдықтардың жұмысын, энергиямен қамтамасыз ету барысын бақылап көрді. «Арыс жылу» КМК басшысы Әлішер Тілеу қазандықтағы жаңғырту жұмыстары және қазіргі дайындық деңгейі жөнінде баяндады. Оның айтуынша, қазандық толық автоматтандырылған жүйе бойынша жұмыс істейді. Мұнда ART Boilers БМКГ-13957 маркалы заманауи модульдік қондырғы орнатылған. Бұл техникалық жабдық табиғи газбен де, дизель отынымен де жұмыс істей алады, бұл төтенше жағдайларда жылу берудің тоқтап қалмауына мүмкіндік береді.

«Бүгінде қазандық толық қуатта жұмыс істеуде. Жылыту маусымы 27 қазаннан бастап толық іске қосылды. Қаладағы барлық абоненттер жылумен қамтамасыз етілген. Жүйе тұрақты бақылауда, қажетті материалдық қор жеткілікті», — деді “Арыс жылу” КМК басшысы Әлішер Тілеу.

Сапар барысында жылу жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету және апатты жағдайлардың алдын алу мәселелері талқыланды. Бұл туралы Алтынсары Дүйсенбекұлы қысқы кезеңде тұрғындардың жайлы жағдайы бірінші орында болуы тиістігін, жылыту жүйесінің тұрақты, әрі үздіксіз жұмыс істеуі өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор екенін атап өтті.

«Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмысты партиялық бақылаудан шығармаймыз. Арыс тұрғындары алаңсыз қыстан шығуы тиіс», — деді филиал төрағасы.

Сонымен қатар, партияның Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков жылыту маусымына дайындық барысында партия азаматтардың өтініштерін жіті бақылауда ұстап отырғанын атап өтті.

«Жыл басталғалы бері тұрғындардың жылыту мәселесі бойынша өтініштерін қабылдап, тиісті органдармен бірге жедел шешу механизмін іске қостық. Халықпен тұрақты байланыс – басты міндетіміз», — деді ол.

Ал қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов абоненттерді жылумен қамту барысы бойынша қаладағы барлық әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер жылумен қамтылғанын, күнделікті мониторинг жүргізіліп, туындаған сұрақтар жедел шешіліп жатқанын жеткізді.

Бұл сапар қаланың қысқы маусымға дайындығын бағамдаумен қатар, тұрғындардың әлеуметтік қауіпсіздігі мен өмір сапасын бақылауда ұстау мақсатында ұйымдастырылды. «AMANAT» партиясы тұрғындар мәселесін назарда ұстап, коммуналдық саладағы жұмыстардың ашық, әрі сапалы орындалуына мониторинг жүргізуді жалғастырады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды