Бүгін Түркістан облысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары жұмыс сапарымен келіп, өңір әкімі Нұралхан Көшеровтың қабылдауында болды. Өңір басшысының қабылдауында болған Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек, Алишер Сатвалдиев, Ұласбек Сәдібеков, Қайрат Балабиев, Кенжеғұл Сейтжан, Нұрсұлтан Байтілесов Парламент қабырғасында қабылданған жаңа заңдар мен өңірді дамыту мәселелері талқыланды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Депутаттар Түркістан облысына жасаған сапар аясында бірқатар елді мекендерді аралап, әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысады, халықпен кездесулер өткізеді және өзекті мәселелерді сараламақ.
Өңір басшысы депутаттарға инфрақұрылымды дамыту, газдандыру, ауыз су мәселесін шешу, әлеуметтік нысандар салу және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау бағыттарындағы өңірлік басымдықтарды таныстырды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығындағы түйткілді мәселелер, бюджетті қалыптастыру, инвестиция тарту және экологияны сауықтыру секілді маңызды тақырыптар да назардан тыс қалмады.
Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаттары Қайрат Балабиев пен Нұрсұлтан Байтілесов «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалына келіп, партиялық активпен кездесті. Кездесу барысында Мәжілістегі заң шығару қызметі мен жергілікті тұрғындар көтерген мәселелер бойынша орталық мемлекеттік органдармен жүргізілген жұмыстар жөнінде ақпарат берілді.
Кездесу кезінде облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев облыстық партия филиалының негізгі жұмыс көрсеткіштерімен таныстырды. Партия қатарына жыл басынан бері 2 мыңнан астам адам қабылданып, аймақтағы жақтастар саны 85 мыңнан асқанын, «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы Жол картасының 43 пайыздан астамы орындалғанын сөз етті. Сонымен бірге, мәслихаттардағы фракцияларда 94 мәселе қарап, 37 отырыс өткені, өңірде «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 8102 адам оқытылғаны айтылды. «Жер аманаты» «Ауыл аманаты», «Әкімдер мектебі» және «Таза бейсенбі» жобасы аясындағы жұмыстар да назарға алынды.
Кездесу соңында Парламент өкілдері партияның Түркістан облыстық филиалы атқарып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, алдағы уақытта да өзара ынтымақтастықты күшейтуге ниетті екендерін жеткізді.