ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСУ – ДЕПУТАТТЫҢ МІНДЕТІ 

Түркістан қаласында қалалық мәслихат депутаттарының жыл қорытындысы бойынша халыққа есеп беру кездесулері бекітілген кестеге сәйкес өткізілуде. Ашық әрі еркін форматта ұйымдастырылып жатқан кездесулер барысында халық қалаулылары өткен жылғы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауда. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінгі дейін Шауғар, Яссы, Бірлік және Сауран секторларында есептік кездесулер өтіп, аталған аумақтардың тұрғындары өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Ал Отырар және Бекзат секторларындағы кездесулер бүгінге жоспарланған.

Есептік кездесулерге облыстық мәслихатқа Түркістан қаласынан сайланған депутаттар, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Бекарыс Шойбеков пен Еркебұлан Хандиллаев, сондай-ақ қалалық мәслихаттағы басымдыққа ие «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары қатысуда.

Алғашқы кездесулердің бірі Шауғар секторында өтті. Оған  қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сарсенбаев бастаған осы аумақтан сайланған депутаттар тобы, сондай-ақ қала әкімдігінің дербес бөлім басшылары қатысты. Кездесу барысында қалалық мәслихат төрағасы 2025 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, есепті кезеңде қалалық мәслихаттың 11 сессиясы мен тұрақты комиссиялардың 22 отырысы өткенін, олардың қорытындысы бойынша 38 шешім қабылданғанын атап өтті.

Сонымен қатар, қалалық мәслихат депутаттары тарапынан жергілікті атқарушы органдарға түрлі бағыттар бойынша 209 депутаттық сауал жолданғаны айтылды. Депутаттық корпус мобильді көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізіп, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері бастауыш партия ұйымдарымен бірлесе отырып, әлеуметтік бағыттағы бірқатар жобаларды жүзеге асырған. Бұдан бөлек, мәдени-көпшілік іс-шараларға демеушілік көрсетіп, қоғамдық бастамаларға қолдау білдірген.

Дәл осындай ашық диалог форматындағы кездесулер Яссы, Бірлік және Сауран секторларында да жалғасын тапты. Кездесулер барысында тұрғындар тарапынан бірқатар өзекті мәселелер мен ұсыныстар көтерілді. Мәслихат төрағасы мен депутаттар тұрғындармен кері байланыс орнатып, олардың талап-тілегі мен өтініштерін мұқият тыңдады.

Атап айтқанда, тұрғындар инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үймен қамту, жер мәселесі, қаңғыбас иттер мен мысықтардың көбеюі, көше тазалығы, абаттандыру және жеке кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету мәселелерін көтерді. Сонымен бірге жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көшелерге жол кедергілерін орнату, бағдаршамдар мен бейнебақылау камераларын қою, қоғамдық көлік қатынасын жақсарту, аялдамалар санын арттыру, мектеп маңындағы аяқжолдарды ретке келтіру және балалар ойын алаңдарының санын көбейту жөнінде ұсыныстар айтылды.

Сондай-ақ тұрғындар ауыз сумен қамту, кәріз жүйесін ретке келтіру, қоқыс жәшіктерінің санын арттыру және тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару, отын-көмірмен қамтамасыз ету, әлеуметтік көмек көрсету мәселелерін де назарға алды.

Көтерілген барлық мәселелерді мұқият тыңдаған депутаттар әрбір өтініш тиісті сала мамандарына жолданатынын, бірқатар мәселелер бойынша депутаттық сауалдар әзірленіп, олардың оң шешімін табуына ықпал жасалатынын атап өтті. Өтініштер бойынша нақты ұсыныстар беріліп, орындалуы бақылауға алынатыны жеткізілді.

Айта кетейік, тұрғындардың қоғамдағы өзекті мәселелері бойынша ұсыныс-пікірлерін «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының төрағасы Сұлтанхан Таштеев те бірге тыңдады. Көтерілген мәселелер партиялық бақылау тетіктері арқылы да жүйелі түрде орындалуы үйлестіріледі.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды