Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Ұшқын елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Ашық форматта өткен кездесуде тұрғындар ауылдағы газдандыру, көшелерге шағал төсеу және жаңа мектеп салу мәселелерін көтерді. Аудан басшысы ауылдың даму бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтіп, нақты жауап берді. Бұл туралы Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
— Келес ауданына қарасты Ұшқын елді мекенінде халық игілігі үшін бірқатар маңызды жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, 200 орындық жаңа мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, облыстық білім басқармасына ұсыныс енгізілді. Бұл ауылдың жас ұрпағы үшін қолайлы білім ордасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, елді мекенді газдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Қажетті жобалық құжаттамалар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтіп, облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Бүгінде ішкі жүйелерді тарту жұмыстары аяқталу сатысында, — деді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев.
Ауыл инфрақұрылымын дамыту бағытында тағы бірқатар жобалар қолға алынған. Ұзындығы 4,1 шақырым көшеге тас шағал төсеу үшін құжаттар дайындалып, қаржы көздері нақтыланған соң жол жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұдан бөлек, ұзындығы 4 шақырым болатын Ұшқын каналы 2025 жылдың көктемінде мемлекет есебінен механикалық тазалаудан өтті.
Бұған дейін елді мекен ішіндегі электр жүйелері жаңартылып, түнгі жарық шамдары орнатылған. Сондай-ақ, тұрғындардың денсаулығын қорғау мақсатында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген. Кездесу барысында тұрғындар көтерген мәселелер жергілікті атқарушы органдардың бақылауына алынды.

