Өрт – тілсіз жау екендігі барлығымызға белгілі. Бүгінде күн қатты ыстық болу салдарынан барлық жер қурап өрт шығу қаупі жоғары болуда. Жалпы өрт оқиғалары негізінен адами факторлардың әсерінен, яғни салғырттықтан көп орын алуда. Тұрғын үйлердегі өрттің шығу себебі көбінесе өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережесін сақтамаудан болып жатады.
Бірнеше күн бұрын Ж.Ералиев ауылдық округі, Арай елді мекенінде орналасқан көп отбасылық үйдің бірінде өрт шығып, үш отбасының үйін алау жалмаған болатын. Осы орайда тұрғындардың орын алған қиын мәселесіне бей-жай қарай алмайтын азамат ретінде “AMANAT” партиясы фракциясының мүшелері, Жетісай аудандық мәслихатының депутаттары О.Қаныбеков, С. Әбдіғаппарұлы аталған отбасыға арнайы барып қолдау білдірді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалы хабарлады.
Тұрғындармен жүздесу барысында өрт салдарының неден болғанын, бүгінгі таңда қайда тұрып жатқандарын сұрап, өздерінің тарапынан көмек болатындығын ескертіп, алаңдаушылық білдірді. Тілсіз жау салдары қасіретке алып келетіні анық, осыған байланысты барлық тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Өз сайлаушыларына қиын жағдайда демеу бола білген партиямыздың депутаттарына мың алғыс.