ГАЗОСИГНАЛИЗАТОР ОРНАТЫЛЫП, ҚАУІПСІЗДІК ДЕҢГЕЙІ АРТТЫРЫЛДЫ

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қысқы маусымға дайындық барысын бақылап, қаланың бірқатар әлеуметтік және инженерлік нысандарын аралады. Қала басшысы «Орталық қазандық», №1 және №2 қазандықтардың жұмыс барысымен, сондай-ақ қалалық балалар ауруханасы мен А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектептің жылу жүйелерінің дайындығымен танысты. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Қазіргі таңда Түркістан қаласы бойынша 18 жылу қазандығы жұмыс істейді. Оның 12-сі жыл бойы үздіксіз ыстық сумен қамтамасыз ететін орталық жүйеге қосылған. Сонымен қатар, І–ІІ мөлтек аудандарында 75 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылып, қысқы маусымға толық дайын. Ал бюджеттік ұйымдар арасында барлығы 97 әлеуметтік нысанның дайындығы бекітілген. Түркістан қаласы табиғи газбен толық қамтылған. Қазіргі таңда 45 614 абонент жүйеге қосылған. Оның ішінде 77 мектеп, 141 балабақша үздіксіз газбен қамтамасыз етіледі. Жыл басынан бері 31 мыңнан астам абонент тексеріліп, 8 458 жағдайда кемшіліктер анықталып, тиісті ескертпелер берілген. Сондай-ақ, 120 тұрғын үйге газосигнализатор орнатылып, қауіпсіздік деңгейі арттырылды.

Қала әкімі барлық қазандықтар мен әлеуметтік нысандардың қысқа толық дайын болуын, резервтік қуат көздерін бақылауда ұстауды және тұрғындарға жылуды үздіксіз жеткізуді тапсырды. Қала әкімдігі тарапынан барлық нысандардың дайындығы тұрақты бақылауда.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды