Жетісай ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде атқарылып келеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінде аудандағы 105 елді мекеннің 92-сі көгілдір отынмен қамтылып, газ пайдаланушы елді мекендердің үлесі 87,7 пайызға жетіп отыр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту тапсырмасына сәйкес Тәуелсіздік күні қарсаңында тағы бір елді мекенге көгілдір отын берілді.
Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Жаңа ауыл елді мекеніне газ беру рәсіміне аудан әкімі Серік Мамытов пен «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалы Жетісай газ шаруашылығының директоры Бақтыбай Акеев, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Айнабеков қатысып, тұрғындарды қос қуанышпен құттықтады. Жылдар бойы қатты отынмен бойларын жылытып, күл шығарып келген 2460 тұрғын енді қаладағыдай табиғи газды тұтынатын болады.
Елді мекендерді газдандыру жұмыстарының қарқынды жүргізілуінің нәтижесінде өткен жылы ауданда 4 елді мекен көгілдір отынға қосылса, жыл басынан бері 13-ші елді мекенге газ беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 7 елді мекенді көгілдір отынға қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 3 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, тағы 10 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Айта кетейік, шара барысында ауыл азаматтарына газ инспекциясы өкілдері тарапынан газ құрылғыларын дұрыс пайдалану бойынша ережелер түсіндіріліп, жаднамалар таратылды.

