Төлеби ауданында жылына 120 мыңға жуық арнайы киім тігетін «KAZPLAST» ЖШС жұмыс істейді. Цехтарда толық автоматтандырылған кесу жүйесі, сандық өлшемдеу құрылғылары мен көпфункционалды тігін машиналары орнатылған. Мұның барлығы өнімнің біркелкілігі мен сапасын арттырады. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Фабрикада ерлер мен әйелдерге арналған арнайы комбинезондар, қорғаныш костюмдер, қысқы жылы және жазғы жеңіл жұмыс киімдері, сондай-ақ өндірістік салаға арналған заманауи қызметтік киім үлгілері дайындалады.
Жаңғыртылған кәсіпорын бүгінде ішкі нарықты қамтып қана қоймай, экспорттық әлеуетін де күшейтіп келеді. Бүгінде кәсіпорынның ең басты тұтынушысы ресейлік теміржол қызметі. Қазіргі таңда фабрикада кәсібилігі жоғары 160-қа жуық маман еңбек етеді. Олардың қатарында конструкторлар, технологтар, тігіншілер, сапа сарапшылары және өндіріс операторлары бар.

