ЕТКЕН ЕҢБЕГІҢІЗ ЕЛ АЛДЫНДА ЕЛЕНЕ БЕРСІН!

ҚР Ішкі істер министрлігінде «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» жаһандық акциясы аясында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімдері қызметкерлерінің арасында «Үздік маман – 2025» республикалық слеті өтті. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Еліміздің 20 облысынан 40 полицей маман қатысқан бұл сайыста ең алдымен дене шынықтыру және атыс дайындығы бойынша бақтарын сынап, келесі кезекте нормативтік құқықтық актілерді білу мен шығармашылық бағытты да қатар алып, өздерін сан қырынан көрсетті.

Республикалық сайысқа нағыз кәсіби маман, тәжірибелі полицей Сарыағаш аудандық полиция басқармасының абыройлы қызметкері Ақтолқын Серікқызы Кубегенова қатысты.

Көп балалы ана, қазіргі таңда немере сүйіп отырған аяулы әже, асыл жар атанған білікті полицей Ақтолқын бұл байқауда бар өнерін ортаға салды.

Өзінің таланты мен біліктілігін паш етіп, әділ қазылар алқасын таң қалдырды. Отбасы мен қызметті қатар алып жүрген полиция аруы екендігін бейнеролик арқылы шебер көрсетіп, әуезді үнімен жанды дауыста «Үміт» әнін шырқады.

Әр сайысты асқан шеберлікпен алып шыққан сақшымыздың еңбегі еленіп, көрермендер мен әділ қазылардың ортақ шешімімен бас жүлдені жеңіп алды.

Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шыққан полиция қызметкері осылайша қасиетті өңірдің намысын абыроймен қорғап шықты.

Бүгінгі күнге дейін талай додада басып озып, тек алдыңғы қатардан көрінетін талантты тәртіп сақшысы Ақтолқын Кубегеноваға әрқашан қызметте өрлеу, толағай табыс пен сәттілік тілейміз!

Еткен еңбегіңіз ел алдында елене берсін!

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды