ЕРЛІККЕ, НАҒЫЗ ПАТРИОТТЫҚ ҚЫЗМЕТ ПЕН АДАЛДЫҚҚА ТОЛЫ ОТЫЗ ЖЫЛ

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтың 2025 жылғы 10-қазандағы №628 бұйрығымен «Төтенше жағдайлар министрлігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Бұл туралы Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Мерекелік медальді Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы полковник Асқар Төлешов арнайы тапсырды.

— Бұл ерлікке, нағыз патриоттық қызмет пен адалдыққа толы отыз жыл деп айтуға болады. Отыз жыл бойы мыңдаған төтенше жағдайлар қызметінің азаматтары тәулік бойы кезекшілікке шығып, ел тыныштығы үшін өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Мемлекет басшысының қолдауымен ТЖМ  тек өрт сөндіру, апат салдарын жою ғана емес, кез келген апаттың алдын алуға қабілетті және заман талабына сай тәжірибелі құрылымға айналды. Биылдың өзінде 9 мыңнан астам адам құтқарылып, зардап шеккен мыңдаған адамға көмек көрсетіліпті. Әрбір көрсеткіштің артында адамдардың өмірі мен тағдыры, болашағы  бар. Сондықтан осындай жауапкершілігі мол қызметте адал еңбек етіп, нағыз ерлікке тән қызметті абыроймен атқарып жүрген азаматтарды 30 жылдық мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларына амандық, береке тілеймін! — деді Нұралы Әлмаханұлы.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды