Түркістан қалалық Полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрдәулет Қуанышұлы Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясының оқушыларымен кездесу өткізіп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шара барысында полицейлер оқушыларға буллинг пен киберқылмыстың түрлері туралы түсіндіріп, олардың жасөспірімдердің психологиялық және әлеуметтік дамуына тигізетін кері әсерін атап өтті. Сондай-ақ интернет кеңістігінде қауіпсіздікті сақтау, бейтаныс адамдармен байланыс орнатпау және жеке деректерді қорғау жөнінде нақты кеңестер берілді.
Нұрдәулет Қуанышұлы жолда жүру мәдениетінің маңыздылығына тоқталып, жаяу жүргіншілер өткелін пайдалану, бағдаршам белгілеріне бағыну және жолда жүргенде құлаққап тағудан немесе ұялы телефон қолданудан аулақ болу қажеттігін түсіндірді. Ол бұл ережелерді сақтау – әр баланың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі екенін атап өтті.
Кездесу соңында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерінен толыққанды жауаптар алды. Мұндай профилактикалық іс-шаралар жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және олардың қауіпсіз ортада өсуіне ықпал етеді.

