ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫҢ АТА-АНАЛАРЫН ҚОЛДАУ МЕКТЕБІН ҚҰРУ БАСТАМАСЫН КӨТЕРДІ

Петропавл қаласында «Гендерлік тепе-теңдік – татулық пен тұрақтылықтың негізі: тиімділік, талпыныс, трансформация» тақырыбында форум өтті. Іс-шараға 300-ден астам адам қатысты. Қатысушылар қоғамды, мемлекетті, экономиканы және мәдениетті дамытудағы әйелдердің рөлі мен ықпалын арттыру мәселелерін талқылады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

«AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының төрағасы, партия Хатшысы Шолпан Каринованың айтуынша, кейінгі жылдары елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және отбасы құндылықтарын нығайту ісіне елеулі өзгеріс енгізген саяси реформалар жүргізілді.

– Біз «Әйел аманаты» және «Tomiris» жобалары арқылы әйелдердің әлеуетін ашамыз, олардың кәсіби тұрғыда дамуы мен қоғамдық-саяси өмірге араласуына қолдау көрсетеміз. Әйелдер қанаты – саяси пікірталасқа әр алуандық пен тереңдік беретін партиямыздың маңызды бөлігі. Ол – әрбір әйелдің үні естіліп, идеясы жүзеге асатын баянды болашаққа деген жарқын үміттің символы. Біз «AMANAT» партиясы мүшелерінің басым бөлігі, яғни шамамен 60%-ы әйелдер қауымы екенін әркез мақтанышпен айтып келеміз. Осылайша, Әйелдер қанаты мемлекет саясатына байыпты бағыт-бағдар береді, – деді ол.

Қатысушылар қатарында болған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреева іс-шара аясында Петропавл қаласында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін жеке ұйымдардың басшыларымен кездесу ұйымдастырылғанын атап өтті.

«AMANAT» партиясының Хатшысы, партияның Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова, Қазақстан Республикасы Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария және Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақпен бірге «№2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ қызметімен және «Қамқорлық» ерте араласу орталығының жұмысымен де танысу іс-шарасы өткен.

– Кездесуге қатысушылар бала диагнозына көз жеткізген ата-аналардың психологиялық және ақпараттық оқшаулануы туралы мәселе көтерді. «Көмек» орталығының негізін қалаушы Ғалия Баязитова өңірде Ерекше балалардың ата-аналарын қолдау мектебін құру бастамасын көтеріп, өз пікірін білдірді, – дейді Қалыйма Жантөреқызы.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды