Ардақты Алаш жұрты!
Құрметті Түркістан облысының тұрғындары!
Сіздерді Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз үшін бұл күннің абыройы асқақ, тарихи мәні зор.
Тәуелсіздік – баға жетпес байлығымыз, ең ұлы құндылығымыз!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл айтулы мерекенің орны айрықша екеніне тоқталған болатын.
«Бұл – халқымыздың мызғымас бірлігін айшықтайтын ұлық мейрам. Тәуелсіздік күні еліміздің азаттығын және жаңа тарихи кезеңде дербес даму жолына түскенін әйгілейді. Біз осы мерейлі мерекеде халқымыздың бостандық туралы арманын ақиқатқа айналдыруға өлшеусіз үлес қосқан ерлердің рухына тағзым етеміз», деді Мемлекет басшысы.
Сондықтан біз ұлт жолында қанын төгіп, жанын берген, халыққа жүрегімен қызмет еткен ел тұлғаларын жас ұрпаққа дәріптеуіміз керек. Тарихымызда халқымыздың айбоз азаматтары, кемеңгер көшбасшылары, отаншыл қайраткерлері өте көп. Олардың арманы қазақты тәуелсіз ел ету еді. Қазақтың бақытты халыққа айналдыруды мақсат тұтты. Ел үшін еңбек еткен ардақтыларымыздың есімі ешқашан ұмытылмайды.
Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан керегесі кең, терезесі тең мемлекетке айналып, өз даму жолына түсті. Есілдің бойында елордамыз еңсе тіктеп, қасиетті Түркістан Орталық Азияның жауһарына айналды.
Ұлы дала төріндегі ұлы қозғалыс жалғасып, тәуелсіз Қазақстанымыз дами берсін!
Ардақты ағайын!
Бүгінде Түркістан өңірін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Біз Түркістанды бәсекеге қабілетті, өзін-өзі қамтитын аймаққа айналдыруға күш саламыз. Тұғырлы тәуелсіздігіміздің арқасында бұл шыңдарды да бағындырамыз деген сеніміміз мол.
Баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке, табыс, ұлт мүддесі жолындағы бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!
Дархан САТЫБАЛДЫ,
Түркістан облысының әкімі.