Су ресурстары және ирригация министрлігі, «Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ және «Қазсушар» РМК мамандарынан құралған жұмыс тобы Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Созақ және Отырар аудандарында жаңа биллинг ақпараттық жүйесін пилоттық режимде енгізуді бастады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мамандар шаруалармен, канал басшыларымен және су пайдаланушылар бірлестіктерінің өкілдерімен кездесіп, жаңа жүйенің жұмыс қағидаларын таныстырып жатыр. Сонымен қатар пилоттық аудандарда туындаған техникалық және ұйымдастырушылық мәселелер шешіліп, су есебі мен қызмет көрсету процесін цифрландыруға біртіндеп көшу қамтамасыз етіліп жатыр.
Жүйенің негізгі мақсаты – құжат айналымын және фермерлер мен су пайдаланушылардың суаруға су беру жөніндегі өтініштерін толығымен цифрлық форматқа көшіру. Цифрлық платформа сондай-ақ онлайн түрде төлем жүргізуге және көрсетілген қызметтер бойынша орындалған жұмыс актілерін алуға мүмкіндік береді.
Жүйе Бірыңғай жер кадастрымен, салық жүйесімен және Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесімен интеграцияланады. Бұл пайдаланушылардың қатысуынсыз барлық қажетті деректерді автоматты түрде алуға жағдай жасайды. Өтініштер электрондық цифрлық қолтаңба арқылы бірнеше минутта ресімделеді, ал электронды келісімшарт су беру кезегін автоматты түрде анықтайды. Төлемдер мобильді қосымшалар немесе интернет-банкинг арқылы жүзеге асырылады. Барлық құжат пен қаржылық операция пайдаланушының жеке кабинетінде қолжетімді болады.
«Цифрлық биллинг платформасын енгізу су шаруашылығы процестерінің ашықтығы мен тиімділігін арттырады. Жүйе су беру және тұтыну көлемдерін нақты бақылауға, сондай-ақ су ресурстарын тиімді жоспарлау мен басқаруға мүмкіндік береді», — деді Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығының басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.

