ЕЛДІМЕКЕНДЕРДІ ЖАРЫҚТАНДЫРУ – ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Түлкібас ауданында тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру, елдімекендердің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында көшелерді жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәселең, 2025 жылдың басынан бері аудан көлемінде жергілікті тұрғындардың өтінішіне сәйкес 28 көшеге жарық шамдары орнатылып, тұрғындар игілігіне берілді.

Аудан аумағында 15 кент және ауылдық округке қарасты барлығы 59 елдімекен бар. Бұл елдімекендерде жалпы саны 464 ішкі көше болса, бүгінгі күнге дейін олардың 309-ы жарықтандырылған. Бұл аудан әкімдігінің жарықтандыру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі.

Тарқатып айтатын болсақ, жыл басынан бері облыстық бюджет есебінен үш көшеге жарық шамдары орнатылды. Атап айтқанда Түлкібас кентіндегі Б.Момышұлы көшесі,  Машат ауылдық округінің Келтемашат ауылындағы Уалиханов көшесі, Алғабас ауылындағы Абралиев көшесіне толық жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.

Жыл соңына дейін тағы үш көшені жарықтандыру жоспарланған. Олар, Састөбе кентіндегі Айдарбеков көшесі, Шұқырбұлақ ауылындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолы бойы, Машат елдімекеніндегі Баймахан көшесі. Қазіргі таңда бұл көшелерде құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кеткен. Жоспар бойынша, жұмыстар жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігіне берілмек.

Сонымен қоса, аудан әкімдігі мен ауылдық округ әкімдіктерінің бастамасымен ағымдағы жылы 11 елдімекеннің 25 көшесіне жарық шамдары орнатылды. Бұл жұмыстар ауылдық округтердің жергілікті бюджеті мен демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылды. Атап айтқанда Майлыкент ауылдық округі – Рысқұлов ауылы, Садықов көшесі, Мичурин ауылдық округі – Момышұлы көшесі мен Таусағыз ауылындағы Аубакиров көшесі, Келтемашат ауылдық округі – Сесловино ауылының Аубакиров, Жангелді көшелері және Кершетас ауылындағы Абай көшесі, Тастұмсық ауылдық округі – Тастұмсық ауылының Самал, Бірлік көшелері және Амангелді ауылындағы Жамбыл, Есентаев көшелері, Ақбиік ауылдық округі – Құлан ауылының 7 көшесі, Састөбе кенті – Победа және Поселковое көшелері, сондай-ақ 4 тұйық көше, Түлкібас кенті – Сергенов, Шевцов, Пернебаев және Жанеліби көшелері жарық шамдарымен қамтылды.

Бұл көшелердің басым бөлігі мектептер мен балалар жиі жүретін қоғамдық орындарға жақын орналасқан. Сол себепті жарықтандыру жұмыстары тұрғындардың, әсіресе балалардың кешкі және таңғы уақыттарда қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп отыр.

Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Елдімекендерді жарықтандыру – тек жайлылық емес, ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шарасы.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды