Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жібек жолы ауылдық округіндегі бірнеше елді мекенде таза ауыз су жүйесінің іске қосылу рәсіміне қатысты. Салтанатты шараға Түркістан облыстық мәслихат депутаттары Алмас Салимов пен Жомарт Абдибаев, аудан прокуроры Мақсат Мошхалов, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы және аудандық мәслихат депутаттары мен ауыл тұрғындары қатысты. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Аудан басшысы жауапты мамандарға жаңа нысанды ұқыпты пайдаланып, ауылды ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуді тапсырды. Ауыл ақсақалдары өз кезегінде сала мамандарына алғыс айтып, ақ баталарын берді. Айта кетейік, Жібек жолы ауылдық округінің бірқатар елді мекені ҚР Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында, мемлекетке қайтарылған активтер есебінен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бүгін пайдалануға берілген ауыз су жүйесі шамамен 16 мың абонентке сапалы су жеткізуге қауқарлы.
Сарыағаш ауданында 54 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Қазіргі таңда13 елді мекеннің 9-ында құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе және Сарқырама, Жаңақұрылыс елді мекендеріне ауыз су беріліп, нәтижесінде аудан бойынша орталықтандырылған сумен қамтылған елді мекендер саны 54-ке жетіп, ауыз сумен қамту көрсеткіш 85,7 пайызды құрады.

