«Бабаларын қалтқысыз қастерлей білген халық өскелең ұрпағының да болашағын қамдай алмақ» дейді дана халқымыз. Бүгін қаламыздың төрінде көрнекті қоғам қайраткері, еліміздің мақтанышы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты еске алып, ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Бұл туралы Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы хабарлады.
Ғасырда бір туатын арда азаматты ұлықтауға Дінмұхаммед Ахметұлының көзін көрген қоғам қайраткерлері, ардагерлер мен қала тұрғындары жиналды. Тіпті оңтүстік өңірдің шалғай аудандарынан да тау тұлғаның ізгілікті істері мен шарапатын көрген қариялар да ортадан табылды.
Шара барысында ширек ғасыр ел басқарған тұлға жайлы жылы естеліктер мен лебіздер төгілді.
— Ол кісінің жарқын бейнесі, қажымас қайраты ұрпақ жадында мәңгі сақталарына сенімдіміз. Дінмұхамед Қонаев ел үшін өлшеусіз еңбек еткен ерен тұлға десек, артық айтпағанымыз болар. Дінмұхаммед Ахметұлы билік тізгінін ұстаған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала пайда болды. Осы еңбегінің өзі үлкен ерлік. Халқына адал қызмет еткен қайраткер деп айта аламын. Дара тұлғаның ізгі жолы жастарға үлгі болып, жастар арасында насихатталуы керек, — деді Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы болып Бахадыр Нарымбетов.
Салтанатты шарадан кейін қазақ халқының ардақты перзенті Дінмұхамед Қонаевтың рухына тағзым етіліп, құран бағышталды.