Келес ауданында әкімнің орынбасары Даурен Сариевтің төрағалығымен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен жұмыспен қамтуды талқылауға арналған аппараттық жиын өтті. 2025 жылдың 10 айында негізгі салалардағы жоспарлар орындалып, кейбір бағыттарда түзету жұмыстары қажет екені айтылды. Бұл туралы Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Экономикада өнеркәсіп 105%, өңдеу өнеркәсібі 103,5% өсті. Ауыл шаруашылығы жоспар бойынша орындалды, ал көтерме-бөлшек сауда мен тұрғын үй беру төмен көрсеткіш көрсетті. Бюджет кірістері 99,4% игерілді.
Әлеуметтік салада атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар азайып, кедейлік деңгейі 3%-ға төмендеді. Тұрақты жұмыспен қамту бойынша 3 683 адам еңбекке орналасты, кәсіпкерлікті қолдау аясында 145 адам грант алып, өз ісін бастады.
Сонымен қатар, Келес ауданында 2025 жылы мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары да жоспарға сәйкес жүргізіліп, 305 азамат әскер қатарына жіберілді. Уақытында әскерге жеткізу мен медициналық тексеру жұмыстары ұйымдастырылды. Дегенмен әскерге шақыру пункттерін жабдықтау, дәрігерлердің компьютермен қамтамасыз етілуі және ауыл округтеріндегі есеп жұмыстары әлі жетілдіруді қажет етеді.
Жиынды қорытындылаған Даурен Сариев көрсеткіштерді жыл соңына дейін толық орындау, ауытқуларды жедел түзету және күнделікті бақылауды қамтамасыз ету тапсырмасын берді.

