25 қазан – Республика күні қарсаңында Мақтаарал ауданы Жаңажол ауылдық округіне қарасты 2 мыңға жуық тұрғыны бар Өргебас ауылына газ берілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, тұрмысын жеңілдету, экологиялық қауіпсіздік пен экономикалық тиімділік мақсатындағы бұл жобаның жүзеге асуы – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың жарқын нәтижесі.
Осы қуанышты жаңалықты бөлісу мақсатында Өргебас ауылына аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков арнайы барып, ауыл тұрғындарын шын жүректен құттықтады.
Шара барысында газ мамандарымен бірге газ қауіпсіздігі жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тұрғындар да мереке қарсаңында бұл жаңалықты үлкен қуанышпен қабылдағанын айтып, газдың келуіне атсалысқан облыс, аудан басшылығына және қаржы бөлдіруге үлкен үлес қосқан облыстық мәслихаттың депутаты Жарқынбек Қанаевқа алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы газдандыру жұмыстары соңғы жылдары елеулі серпін алған. Бүгінде ауданға қарасты 68 елді мекеннің 58-і табиғи газ жүйесіне қосылды. Бұл – жалпы елді мекендердің 85 пайызын құрайды.Қалған ауылдарда газ жүйесінің құрылыс-монтаждау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Жоспарланған жұмыстар толығымен жүзеге асқанда, 2026 жылдың соңына дейін Мақтаарал ауданы 100% табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Бұл еліміздің оңтүстігіндегі халқы тығыз орналасқан, әлеуметтік маңызы зор аймақтардың бірі үшін орасан зор жетістік болмақ.

