ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІНЕ ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛУДІ ТАЛАП ЕТЕДІ

«AMANAT» партиясы экологиялық саясатты нығайту, қалалық инфрақұрылымдағы ағынды су жүйелерін жаңғырту және тазарту станцияларының қуатын арттыру мәселесін өзекті деп біліп, үнемі күн тәртібінде ұстап келеді. Өйткені, қалалардың өсіп-өркендеуі, халық санының артуы және өндірістік нысандардың көбеюі – экологиялық қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Соның ішінде ағынды суларды тиімді тазарту – тұрғындардың денсаулығы мен қоршаған ортаның тұтастығын қорғаудағы басты бағыттардың бірі саналады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Партияның Түркістан облыстық филиалы 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасы шеңберінде қалалардағы ағынды сулардың тазарту деңгейін арттыру жөніндегі мақсаты биік басымдықты белгіледі. Оның аясында тозығы жеткен кәріз жүйелерін жаңарту, бұрын сарқынды су жүйелері мүлдем болмаған аумақтарға жаңа құбырлар салу, тазарту станцияларын кеңейту және экологиялық талаптарды күшейту міндеттері айқындалып, іске асырылуда.

Осы бағыттағы жұмыстың ауқымды бөлігі еліміздің тарихи-мәдени және туристік орталығы мәртебесін алған Түркістан қаласында атқарылуда. Облыс орталығы деп танылған қаламызда кәріз инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп отыр. Мемлекеттік органдар берген ресми деректерге сәйкес, бүгінгі таңда Түркістан қаласы тұрғындарының 36,5 пайызы немесе 17580 абонент орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Кәріз жүйелерінің қалыпты жұмысын қамтуда 27 сорғы станциясы салынған.

Кәріз жүйелерімен қамтылған тұрғындар санын арттыру мен аумақтарды кеңейтуде биыл 13 нысанда құрылыс жұмыстары басталған. Оның ішінде 8 жоба – абоненттік желілерді қамтыса, қалған 5 жоба – магистральдық желілерді тартуға бағытталған. Құрылыс жұмыстарының барлық кезеңі депутаттық корпустың және партия өкілдерінің қоғамдық бақылауына алынған.

Атап өтуіміз керек, партия көмегіне жүгінетін көптеген қала тұрғындары кәріз жүйесінің құрылыстары жүріп жатқан көшелерді ретке келтіру бойынша өтініштерін білдіріп жатады. Партия өкілдері мен депутаттар осы мазмұндағы әрбір өтінішті мұқият қарастырып, құрылыс жүріп жатқан аумақтардағы бақылауды күшейтіп отыр. Кәріз жүйелері толық іске қосылғаннан кейін жол жабындылары талапқа сай қайта қалпына келтірілетін болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды