ЕКІ ЖОБАНЫҢ БІРІГУІ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТҰРМЫСЫН ЖАҚСАРТУҒА СЕПТІГІН ТИГІЗЕДІ

Еліміздің саяси жүйесіндегі жетекші, ықпалды күшке айналған «AMANAT» партиясы 2025 жылды – Бастауыш партия ұйымдарының жылы деп жариялағаны белгілі. Парламент Мәжілісінің және партиямыздың Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов, партиямыздың негізгі тірегі саналатын бастауыш ұйымдар «AMANAT»-тың қоғамдағы беделін қалыптастыратынын айтты. Республиканың барлық аймағында қызмет атқаратын 3700 бастауыш партия ұйымдары халық сұранысына алғашқылардың бірі болып үн қатып, әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесетінін, партиялық жобаларға белсенді қатысып, мемлекеттік бастамаларды түсіндіру жұмыстарын атқаратынын мәлімдеді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Кентау қаласына жасаған жұмыс сапары аясында, «Денсаулық» бастауыш партия ұйымына барып, қызметімен танысты. Партиялық міндеттерді халықтың сұранысына сай атқару, тиімді шешімдер ұсыну, жаңа жұмыс сипаты мен тәсілдерін қолдану мәселелері бойынша ұйым мүшелерімен пікір алмасты.

Айта кету керек, Қаратау тәжіне баланған, дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан Кентау қаласының құрылғанына биыл – 70 жыл. Кеншілер қаласының тұрғындары еліміздің саяси өміріндегі жауапты кезеңдердің барлығында ортақ мүдде мен мақсат үшін азаматтық ұйымшылдықтың ерен үлгісін көрсетіп келеді. Қоғамдық-саяси үдерістердің бел ортасынан табылып, ортақ құндылықтармен біріккен қоғам құруда ымыралы ауызбіршіліктен айныған емес. Түрлі көзқарастар мен ой-пікірлердің үндестігіне сай болып, қоғам мен мемлекет игілігі үшін жұмыс істеуде Кентау қаласы бойынша партиямыздың 12 бастауыш ұйымы қызмет атқарады, олардың белсенді қызметін 3800-ден астам партияластарымыз қамтып отыр.

«Денсаулық» бастауыш партия ұйымы Кентау қалалық орталық ауруханасының базасында құрылған, оның негізгі құрамын медицина саласының мамандары құрайды. Жиын барысында мемлекет әрқашан денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударатыны айтылды. Еліміз бойынша партияның 70 мыңға жуық мүшесі – медицина саласының өкілдері екені айтылып, «AMANAT» партиясы айқындаған саяси басымдықтың бірегейі – азаматтардың сапалы медициналық ем қабылдауына жағдай жасау, медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және қорғау болып табылатынына баса мән берілді.

Әділеттілік принципі Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саяси бағдардың идеялық негізі саналады. Елімізде Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған жүйелі саяси және экономикалық реформалар іске асырылуда. Бұл қоғамның саясатқа араласу мүмкіндігін кеңейтіп, әлеуметтік теңсіздікті азайтып отыр. Инклюзияны дамытуға, денсаулық сақтау мен білімнің қолжетімді болуына, ұлттық байлықтың әділетті бөлінуіне айрықша назар аударылуда. Мұның бәрі Парламент қабылдап жатқан заңдарда көрініс тауып отыр.

Бұл бағытта атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, Мемлекет басшысының ұсынысымен «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» мемлекеттік наградасы енгізілді. Қоғам дәрігерлеріміздің ерен еңбегін бағалап қана қоймай, олар туралы егжей-тегжейлі білуге іргелі қадамдар жасалды. «AMANAT» партиясының бастамасымен денсаулық сақтау заңнамасына қажетті түзетулер енгізілді. Заңда медицина қызметкерлеріне арналған бірқатар әлеуметтік кепілдіктер қарастырылып, олардың құқығын қорғау нормалары қабылданды. Денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелер туралы партиямызда жыл сайын өтетін «Дәрігер Talks» алаңында ашық талқылаулар өткізу дәстүрі қолға алынды. Талқы алаңның қорытындысымен дәрігерлерді толғандыратын мәселелер бойынша қажетті шешімдер қабылдануда.

Азаматтардың сапалы медициналық көмек алуын қамтуда емханалар мен ауруханалар салу, ауылдық жерлерде фельдшерлік-амбулаториялық және медициналық бекеттер ашу бастамалары партиямыздың Сайлауалды бағдарламасында қамтылған. Өткен жылы Түркістан облысының денсаулық сақтау саласына 32,5 млрд. теңге қарастырылып, халық саулығы ісіне теңдессіз мемлекеттік қолдау көрсетілді. Медицина саласын жақсарту жөніндегі облыс әкімдігінің бастамаларына Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері барынша қолдап, тиісті қаржы көлемдерінің бөлінуіне ықпал етті. Партияның Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес, 2024 жылы ауылдық аймақтарда 23 фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар мен медпункттер ашылды. Партия бекіткен жоспарға сәйкес, Сауран ауданына қарасты, Оранғай ауылында 200 орындық ересектерге арналған «Самғау» оңалту орталығы ашылса, биыл осы ауылдан 50 орындық ерекше балаларға арналған оңалту орталығы ашылатын болады.

Бастауыш партия ұйымы қызмет етіп отырған Кентау қалалық орталық ауруханасында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары да Сайлауалды бағдарламамызда қамтылып, құрылыс алаңында партиялық бақылау бекеті қойылған, құрылыстың барлық сатысы партияның қалалық филиалының, облыстық және қалалық мәслихаттардағы партиялық фракция депутаттарының қадағалауына алынған.

Бастауыш ұйым белсенділерімен кездесуде Алтынсары Дүйсенбекұлы, партия мүшелері ортақ мүдде мен мақсат жолында күн-түн демей еңбек етіп жүргенін айтты. Сайлаушылардың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың аманатын бізге жеткізуде бастауыш ұйымдардың орны бөлек екенін жеткізді.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси реформалары партиялық жүйеге ғана емес, біздің де, жаңа жағдайда дамуымызға, өзгеруімізге алғышарт жасады. Біз халықты толғандыратын нақты проблемалармен айналысып келеміз. Әсіресе, партиялық жобаларымыз қоғамның көңілінен шығып, қолдау тауып отыр. Мәселен, «Жер аманаты» жобасы аясында соңғы 3 жылда облыс бойынша 1,4 миллион гектардан астам жер қайтарылды. Жол картасына сәйкес алдағы үш жылда 125 мыңға жуық жерді қайтаруды көздеп отырмыз. «Ауыл аманаты мен «Қарызсыз қоғам» жобасы сәтті іске асырылуда. «Ауыл аманаты» жобасы партияның ұсынысымен «Ауыл – ел бесігі» жобасымен біріктіріледі. Екі жобаның бірігуі тұрғындарды көптеп қамтуға, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға үлкен септігін тигізеді. Өткен жылы аталған жобаны жүзеге асыру үшін Республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге бөлініп, оның 1,6 миллиард теңгесіне 92 жоба қаржыландырылды. Несиелердің қайта қайтарылуы 2,5 миллиард теңгені құрап, оның 2,3 миллиард теңгесіне 316 жоба қаржыландырылды. Жобаны іске асыруға биыл 7,4 млрд. теңге жоспарланған. Оны іске асыруға 62 ауылдық округ қатысады деген межеміз бар, — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Кездесу барысында «Денсаулық» бастауыш партия ұйымының төрағасы, Кентау қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Асылбек Утебаев партиялық басымдықтар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, бастауыш ұйым үшін қарастырылып берілген жұмыс кабинетін таныстырды, оның техникалық жабдықталуы жөнінде мағлұмат берді. Сондай-ақ алдағы жұмыс бағыттары жөнінде ақпарат беріп, орталық аурухананың қызметін баяндады. Партияның Кентау қалалық филиалының төрағасы Арман Басаров Кентау қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясы мүшелерінің қызметі, олар жолдаған депутаттық сауалдардың қорытындылары, сайлаушылармен өткізген кездесулер барысындағы азаматтар сұраныстарын шешудегі жұмыс нәтижелері туралы ақпарат берді.

Партияның облыстық филиалы халық саулығын қамтуда өңірдегі медицина ұйымдарымен ықпалдастық байланыстарды одан әрі күшейтіп, сенім мандатына ие болған депутаттық корпус өкілдерін тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеуін қамтитын болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды