Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында Түркістан қаласы әкімдігі тұрғын-үй құрылыс жұмыстары мен сапасын бақылауды қарқынды жүзеге асырып келеді. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында салынып жатқан бірқатар тұрғын үй кешендерінің құрылыс барысымен танысты. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда қала аумағында жалпы саны 57 тұрғын үй салынып жатыр. Оның 42-сі – кредиттік негізде, 15-і – арендалық бағытта бой көтеруде.
Шаһар басшысы аралау барысында Әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан «Жібек жолы» тұрғын үй кешеніндегі, «Отырар» шағын ауданындағы, сондай-ақ, айналма жол бойында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Қала әкімі мердігер мекемелерге жұмыс сапасына баса мән беріп, құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырды.