Түркістан қаласы күн сайын жаңарып, дамып келе жатқан аймақ орталығы. Халықтың өмір сапасын арттырып, әлеуметтік инфрақұрылымды күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бір айғағы қалада бой көтеріп жатқан заманауи медициналық нысандар. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың қатарында 80 төсек-орындық «Ана мен бала» орталығы бар. Бұл нысан «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясындағы Жол картасына енгізілген. Жол картасына енген әрбір жоба партиялық бақылауға алынып, оның іске асырылу барысы тұрақты түрде назарда ұсталып келеді.
Жуырда Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев аталған мекеменің құрылыс алаңына барып, жұмыс қарқынын көзбен көріп, мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, нақты тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, Еркебұлан Дауылбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорының демеушілігімен салынып жатқан 80 орындық «Ана мен бала» орталығының құрылысымен танысты. Жобаның тапсырыс берушісі – «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры, ал құрылыс жұмыстарын жүзеге асырушы – «Эристайл-Казахстан» ЖШС.
Жалпы аумағы 3,3 гектарды құрайтын бұл нысан екі қабатты болып жоспарланған. 17 288 шаршы метр аумақты алып жатқан орталық заманауи медициналық стандарттарға сай салынуда. Қазіргі таңда құрылыс алаңында жер қазу жұмыстары толық аяқталып, іргетасын құю және топырақты нығыздау сынды маңызды кезеңдер жүргізіліп жатыр.
Бұл орталық Түркістан өңіріндегі ана мен баланың денсаулығын сақтау саласында қызмет көрсететін алдыңғы қатарлы мекемелердің біріне айналмақ. Мұнда болашақ аналарға, жүкті әйелдерге, жаңа туған сәбилерге, перзентхана қызметіне қажетті толық жағдай жасалатын болады.
Құрылыс барысын мұқият саралаған Еркебұлан Дауылбаев нысандардың сапалы әрі белгіленген мерзімде тапсырылуы қажеттігін атап өтті. Жергілікті құрылыс материалдарын кеңінен қолдану, ғимаратты ішкі әрлеуде отандық өнімдерді пайдалану басты басымдық. Сонымен қатар, кез келген техникалық ақау мен кемшілікті дер кезінде түзетіп, «сақалды құрылысқа» жол бермеу тапсырылды. Бұл нысандардың сапасы мен уақтылы аяқталуы – облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында екені де атап өтілді.
Халықпен кездесулерде көтерілген ең өзекті мәселелердің бірі денсаулық сақтау саласын дамыту, қолжетімді және сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету. Осы орайда, «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасында бұл саланы ерекше назарда ұстап, нақты жобаларды Жол картасына енгізді. «Ана мен бала» орталығы – сол уәделердің іс жүзінде орындалып жатқанын айқын көрсетеді.
«AMANAT» партиясы үшін ең басты құндылық адам. Әсіресе аналар мен балалардың амандығы, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын арттыру басты міндет. Бұл нысандар ел амандығы мен денсаулығы жолындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланады.