Еңбек адамдары – елдің тірегі, қоғамның қозғаушы күші. Олардың табанды еңбегі мен маңдай тері әрбір жетістік пен дамудың негізі.
Бүгін аудандық мәдениет үйінде ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласын қорытындылау мақсатында ұйымдастырылған «Алтын күз-2025» мерекелік іс-шарасы өтіп, онда шаруалардың жыл бойғы еңбектері еленіп, үздіктер ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің “Еңбек ері” медалімен, “Құрмет грамотасы”, Түркістан облысы әкімінің Алғыс хатымен, ауданға сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісімен, «Ауыл» партиясының құрмет грамоталары және аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Биылғы 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша, ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласындағы нақты көлем индексі 100 пайызды құрады.
Егін шаруашылығы, алма бау, тамақ өнеркәсібі, мал шаруашылығы, балық шаруашылығы – барлық бағытта жұмыстар жоспарға сай толық орындалды. Осы жетістікке сіздердің маңдай тер, табанды еңбектеріңіздің арқасында жетіп отырмыз» — деп, еңбек озаттарына шынайы алғысын білдірген аудан әкімі Асқар Сұлтанұлы, бүгінгі айтулы мерекелерімен құттықтады.
Мерекелік шара жалғасы аудандық өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, жиналған қауым көтеріңкі көңіл-күйге бөленді.
2025 жылдың 10 ай қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнім көлемі 51 миллиард 62 миллион 900 мың теңгеге құрап, нақты көлем индексі 100 пайызға орындалды. Оның ішінде егін шаруашылығы – 26 млрд. 362 млн. теңге, мал шаруашылығы – 24 млрд. 601 млн. теңге.
Ағымдағы жылы 64 мың 485 гектар жерге мына төмендегідей дақылдар егілді: 24 мың гектар жерге дәнді дақылдар егіліп, оның ішінде 12 мың 400 гектар жерге бидай дақылы егіліп, өнімділігі 13,1 центнер, гектарына құрап, 16 мың 200 тонна өнім жиналды. 11 мың 600 гектар жерге арпа дақылы егіліп, өнімділігі 9 мың 500 центнер гектарды құрап, 11 мың тонна өнім жиналды. 12 мың 600 гектарға майлы дақылдар егіліп, өнімділігі 7 центнер гектарды құрап, 8 мың 800 тонна өнім жиналды. 10 мың 59 гектар мақсары дақылы толығымен жиналды, өнімділігі 7 центнерді құрап, 7 мың 41 тонна өнім жиналды.
Мал азықтық дақылдар жинауға 189 мың 100 тонна жоспар беріліп, қазіргі таңға 192 мың 300 тонна шөп жиналды, яғни 101,6 пайызға артығымен орындалды.

