Келес ауданының қайта құрылғанына 7 жыл толуына орай «Әділетті жастар – ел ертеңі» тақырыбында жиын өтті. Шарада ауданның белсенді жастары мен елге танымал тұлғалар бас қосты. Кездесу мақсаты — жастарға бағыт-бағдар беріп, жігерлендіру. Басқосудың модераторы, блогер Бақдәулет Жаманқұлов жиынның шымылдығын ашып, ізгі лебізін арнады. Алдымен сөз алған Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев ауданның жеті жылдық жетістіктерін атап өтіп, жастарға зор сенім артатынын жеткізді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жиын барысында Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев жастарға адалдық пен әділдік қағидаттарын түсіндіріп, сыбайлас жемқорлық пен алаяқтықтың алдын алудың маңызын атап өтті. Ол жастарды әрқашан заңға құрметпен қарауға және әділетті қоғам құруға үлес қосуға шақырды. Сонымен бірге, департаменттің өкілі Гүлзия Қарсыбай да сөз сөйлеп, жастарға қаржылық сауаттылықтың маңызын түсіндіріп, алаяқтықтан сақтанудың жолдарын айтып берді. Ал, танымал блогер әрі Мәжіліс депутаты Даулет Мұқаев елдік істерге белсене араласудың мәнін айшықтап берсе, жас актер, «Азартник» фильмі арқылы көпке танылған Нұрсұлтан Мейірбеков жастарды арманшыл әрі еңбекқор болуға шақырды. Сонымен қатар, тележурналист Ләйлә Сұлтанқызы да жүрекжарды тілегін білдіріп, ел ертеңін қалыптастырудағы жастардың серпінді қадамына сенім артатынын жеткізді. Танымал спортшы, боксшы Сәкен Бибосынов та жастарды жігерлендіріп, спортпен шұғылдануға шақырды.
Шара соңында жиынға қатысушылар аудан орталығындағы аллеяда тал көшеттерін отырғызды.

