2025 жылғы 10 қазанда Жетісай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында жиын өтті. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалы хабарлады.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған «Қаржылық қауіпсіздік бойынша Республикалық диктант» жобасы таныстырылды.
Жиынға «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров пен Жетісай ауданы әкімі аппаратының басшысы Алданиязов Есенкелді, білім беру ұйымдарының қызметкерлері, құқық қорғау органдарының мамандары, мектеп директорлары мен ақсақалдар және жергілікті тұрғындар қатысты.
«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында жүзеге асырылып отырған шараның негізгі мақсаты – тұрғындарды қаржылық алаяқтықтан қорғау, қаржылық тәуекелдерден сақтандыру және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру.
Қазіргі таңда, бұл мәселелер қоғам үшін аса маңызды қауіптер қатарына жатады. Сондықтан диктанттың басты міндеті – азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау және құқықтық-қаржылық мәдениетті қалыптастыру.
Шара барысында диктантқа мектеп оқушылары мен колледж студенттері, барлық деңгейдегі мұғалімдер мен педагогтар, мемлекеттік және жеке сектор қызметкерлері, қаржы саласының мамандары және қаржылық сауаттылығын арттырғысы келетін кез келген азамат қатыса алатыны хабарланды.
Диктантқа қатысу үшін онлайн платформада тіркеліп, 25 минут ішінде 20 сұраққа жауап беру талап етіледі. 16 және одан көп дұрыс жауап берген қатысушылар цифрлық дипломмен марапатталады, қалғандары қатысушы сертификатын алады. Сонымен қатар, республикалық деңгейде алғаш тіркеліп, жоғары нәтиже көрсеткен алғашқы 10 қатысушы бағалы сыйлықтарға ие болады.
Жиын соңында барлық мекеме мен ұйымдарды 15 қазанға дейін диктантқа белсенді қатысуға шақырды. Бұл бастама – еліміздің қаржылық қауіпсіздігі мен құқықтық мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Әрбір азамат қаржылық сауаттылығын арттыра отырып, өз қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, әділ әрі тұрақты қоғам қалыптастыруға да үлес қосады.

