Түркістан облыстық мәслихатында осыдан бір ай бұрын маңызды жұмыс жиыны өтіп, онда облыс тұрғындарын электр жарығымен қамтушы монополист ұйым – «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесіне қатысты халық білдіріп жатқан көптеген шағымдар қаралған болатын. Сол жиынның қорытындысымен электр қуатын беруші ұйым әр аудан, қала бойынша тозығы жеткен электр желілерін техникалық жаңартуға арналған жоспарын депутаттық корпус өкілдеріне беруге міндеттелген еді. Халықтың сенім мандатына ие болған азаматтар жоспарда қамтылған тармақтардың уақтылы орындалуын қадағалап, монополист ұйымның қызметіне депутаттық баға беретін болады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Тұтынушы ретінде тұрғындардың заңды мүддесі қорғалған жиында өңіріміздің экономикалық дамуына тікелей қатысы бар стратегиялық мәні айрықша мәселені жүйелі тәртіпке келтіру талабын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева ашық білдірді. Кезінде жұмысшы поселкелері болып құрылған Кентау қаласына қарасты Хантағы және Байылдыр елді мекендерінде электр бағаналары шіруге айналғаны жөнінде дабыл көтеріп, тозығы жеткен электр желілері артық жүктелімдерді көтермей, жиі үзіліп жұртшылықты әуре-сарсаңға түсіріп жатқанын айтты. Аталған ауылдардағы электр жүйелерінің техникалық жарамдылығын түгендеп-тексеруден өткізу туралы талабын депутаттық сауал ретінде жолдады.
Депутат көтерген мәселе бойынша «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС аталған аумақтардағы электр жүйелерінің техникалық жағдайына тексеру жұмыстарын жүргізіп, оның нәтижесімен анықталған кемшіліктер бойынша актілер түзген. Жасалған актілерге сәйкес, ұйым өз теңгеріміндегі электр жүйелеріне 2025-2026 жылғы жылыту маусымына дейінгі аралықта бірқатар жоспардан тыс, қосымша жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын атқаратын болды.
Монополист ұйым қабылдаған шешімге сәйкес, Хантағы елді мекенінде КТП-4 және МТП-8 қосалқы электр станцияларынан шыққан 0,4 кВ электр желілерінде тозығы жеткен желілер ауыстырылып, 40 ағаш бағаналары жаңартылады. Сондай-ақ қосымша желі (фаза) тартылып, электр қуатын тұтынушыларды фазаларға біркелкі бөлу жұмыстары атқарылады. Ал, Байылдыр елді мекенінде КТП-3 қосалқы электр станциясынан шыққан 0,4 кВ электр желісінде 19 ағаш бағаналарын ауыстыру жұмыстары жүргізілетін болады. Жоспарланған жұмыстардың мерзімінде атқарылуын мәслихат депутаты тұрақты назарында ұстайды.