Бүгін Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдаулет Медеуовты қабылдап, өңірдегі туризм саласының дамуы мен өзекті мәселелерін талқылады. Бұл туралы Түркістан облыстық мәслихатының баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды дамыту және саладағы көрсеткіштерді жетілдіру бағытындағы жұмыстар сөз болды.
Туризм басқармасының мәліметінше, бұл салада 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығының қорытындысы оң нәтижелерді көрсетіп отыр. Қонақ үйлер мен демалыс аймақтарының саны артып, туристер легі көбейген. Мәселен, жыл басынан бері орналастыру орындарында 151 мыңнан астам турист аялдаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артқан.
Сонымен қатар, 2025 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша өңірдің табиғи аумақтарына 123,2 мың, ал тарихи орындарға 736,3 мың турист саяхаттаған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жоғары нәтиже көрсетіп отыр.
Кездесу соңында Нұралы Әлмаханұлы туризм саласындағы оң динамиканы сақтап, жаңа жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

