Түркістан облысында салынып жатқан ұзындығы 152 шақырымдық «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа темір жол желісі бес ауданның аумағынан өтіп, Өзбекстан Республикасымен шекара арқылы жалғасады. Аталған жоба Каспий теңізі арқылы одан әрі шетелдерге жүк тасымалдау әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осыған орай, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев темір жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігер «Integra Construction KZ» ЖШС директоры Азамат Оспановпен кездесті. Кездесу барысында құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасы, сондай-ақ аудан аумағындағы инфрақұрылымға әсері талқыланды.
Қазіргі таңда жоба аясында 37 көпірдің 26-сының құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса, темір жол бойында 3 станция мен 2 разъезд салу жоспарланған. Айрықша атап өтерлігі, Сырдария өзенінің үстінен ұзындығы 500 метрлік ірі көпір тұрғызылуда. Құрылыс жұмыстарына 350 техника мен 800-ге жуық жұмысшы тартылған. Ауқымды жоба 2026 жылдың желтоқсан айында толық аяқталады деп жоспарланған.

