Біріккен Ұлтар Ұйымы 1972 жылы экология мәселесіне адамзат назарын аудару үшін 5 маусымды Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні деп белгіледі. Қазақстанда бұл күн экологтардың кәсіби мерекесі болып жарияланды. Экологиялық саясат – «AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасында дамуға бастайтын маңызды бағыт болып айқындалған. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Атаулы күнге орай, еліміздегі барлық жаңару мен жаңғырудың ұйытқысы болып отырған партиямыз, кешенді іс-шаралар тізбесін бекітіп, қоғамда экологиялық сана мен мәдениетті тәрбиелеуге үндейтін бастамаларды атқаруды қолға алды. Осы міндет шеңберінде партияның Түркістан облыстық филиалы өркениетті қоғамға тән экологиялық саясатты ілгерілетуге бағытталған бірқатар маңызды іс-шаралардың өтуіне мұрындық болды.
Сайрам ауданында аманаттық өкілдер Халықаралық экологиялық премияның лауреаты, «EcoCashback» ЖШС-нің директоры Владислав Голярконың қатысуымен «Макулатураны жинап, ағашты сақта!» экологиялық акциясының бастауына ұйытқы болды. Партияның Сайрам аудандық филиалында, орталық ауруханада, «Қоғамдық келісім» мекемесінің филиалында және Ақсукент ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратында макулатура жинау бойынша уақытша бекеттер ашылып, тұрғындарға қағаз қалдықтарын кәдеге жаратудың экологиялық және экономикалық тиімділіктері түсіндірілді.
Айта кету керек, Владислав Михайлович Голярко «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалымен тығыз әріптестікте жұмыс жүргізетін қоғам белсендісі. Ол өткен жылы АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың құрамында зиянды көміртегіден арылу, технологиялық тұрғыда дамыған жаңа энергетика көздеріне көшу – экологиялық қауіпсіздік тұрғысынан прогрессивті қадам екенін дәйекті түрде дәлелдеп берген кәсіби эколог маман ретінде танылды.
Владислав Михайлович жетекшілік ететін «EcoCashback» серіктестігі қалдықтарды өңдеп, экономиканың маңызды бөлігі ретінде қайта кәдеге жаратуда үнемі ізденісте жүрген ұйым саналады. Түркістан облысы мен Шымкент қаласының нарығында соңғы 7 жылдан бері табысты қызметін жалғастырып отырған сервистік компания, республика бойынша 171 ұйыммен серіктес саналады. Макулатура, пластик, шыны қалдықтарын өндеуді, қауіпті қалдықтарды залалсыздандыруды, тозығы жеткен көлік және ауыл шаруашылығы техникаларын утилизациялауды, қатты тұрмыстық қалдықтар мен құрылыс қалдықтарын экологияға зиянсыз әдістер арқылы залалсыздандыруды іске асырады. Бүгін осы ұйым партия белсенділерімен бірлесіп, тұрғындардан макулатура жинау бастамасын көтеріп, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау жөнінде қоғамға маңызды үн тастады.
Қағаз қалдықтарын жинау мен өңдеу мыңдаған тал-теректерді сақтауға ықпал етеді, қалдықтарын көлемін азайтуға мүмкіндік береді, зиянды көміртегі шығарындыларының көлемін азайтады. Қайта өңдеуден өткен қағаздың әрбір тоннасы орташа есеппен 17 ағаштың өмірін сақтап қалады, мыңдаған литр судың үнемделуіне сеп болады. Партиямыз осы бастаманы қолдау арқылы қоғамда жоғары экологиялық мәдениеттің орнығуына ықпал етеді деген сенімдеміз. Қайта өңдеуге өткізілген қағаздан түскен табыс «Бақытты отбасы» партиялық жобасын іске асыруға бағытталып, көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеттері берілетін болады.