Қазақстан Халық Партиясы жанынан құрылған «Halyq-kompas: Талапкер навигаторы» ұлттық экспедициясы өз жұмысын бастады. Жобаның алғашқы аялдамасы — Түркістан облысының Қазығұрт ауданы болды. Бұл туралы Қазақстан Халық Партиясының баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуге мектеп бітіруші түлектер, ата-аналар, кәсіби бағдар беруші мамандар мен білім саласының өкілдері қатысып, мамандық таңдау мен грант иеленудің өзекті мәселелері айтылды.
Кездесу барысында талапкерлерге келесі бағыттар бойынша бағдар берілді:
- Грант жүйесі және квоталар: Мемлекеттік, әкімдік және жеке гранттардың ерекшеліктері мен олардың қолжетімділігі түсіндірілді.
- Грант саны мен шекті балдар: Конкурсқа қатысу үшін қажетті минималды талаптар мен шекті балдар туралы нақты ақпарат берілді.
- 4 мамандық таңдау стратегиясы: Оқуға түсу мүмкіндігін барынша арттыру үшін мамандықтарды дұрыс кезекпен таңдау жолдары көрсетілді.
- Баламалы мүмкіндіктер: Грантқа түсе алмаған жағдайдағы «шартты оқу» және «Foundation» курстары сияқты басқа да нұсқалар қарастырылды.
- Талапкер күнтізбесі: ҰБТ тапсыру және құжат тапсыру мерзімдерінің толық тізімі мен маңызды даталар таныстырылды.
Біздің мақсатымыз – саяси ұрандар емес, әрбір отбасына нақты көмек көрсетіп, балаларыңыздың сапалы білім алуына жол сілтеу.

