БІЗДІҢ БАСТЫ МАҚСАТ – РУХЫ БИІК, ЖІГЕРЛІ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ

Түркістан қаласында «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалына қарасты «Нұрлы жол» бастауыш партия ұйымының бастамасымен футзалдан «BEKZAT CUP» республикалық турнирі өтті. Байрақты бәсекеде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 32 команда жасыл алаңда бақ сынасты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

«Нұрлы жол» бастауыш партия ұйымы биыл ғана құрылған болатын. Бағдат Қалмұрзаев жетекшілік ететін бұл ұйым облыс орталығының қоғамдық-саяси өміріне белсене кірігіп, жұртшылықтың қызу қолдауына ие болған бастамаларды батыл түрде іске асырып келеді. Турнирдің жоғары деңгейде өтуі ұйымның ел игілігі жолындағы нақты ісінің жарқын үлгісіне айналды.

Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауды, бұқаралық спортты дамытуды, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, тәртіп пен бірлікке тәрбиелеуді, Түркістаннан шыққан даңқты боксшымыз, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың жарқын бейнесін ұлықтауды және оның ерлігін жастар жадында жаңғыртуды көздеген іс-шара азаматтарды ортақ мақсат аясына біріктірген бастамалардың қатарынан болды. Турнирге қатысқан азаматтар өздерінің спорттағы шеберліктерін шыңдай түсті, жарысқа қатысу арқылы өңірлер арасындағы спорттық байланыс жолға қойылды, бастауыш партия ұйымы осы іс-шараны өткізу арқылы қоғам назарын бұқаралық спортқа аударды, партияның әлеуметтік бастамалары туралы жұртшылықты хабардар етті.

Жарыс өткен спорт залы «AMANAT» партиясының брендтік үлгісінде арнайы безендіріліп, алаң төрінде партияның айшықты рәміздері мен ұрандары көрініс тапты. Сонымен қатар қатысушы командалардың спорттық формаларында да «AMANAT» партиясының логотиптері бейнеленіп, бұл шараның саяси ұйым тарапынан жүйелі қолдауға ие екенін айқын көрсетті. Осы арқылы жарыс ұйымдастырушылары партияның тек саяси ұйым ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік, мәдени және спорттық бағыттағы бастамаларға да айрықша мән беретінін спортшылар назарына жеткізді.

Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған «Нұрлы жол» бастауыш партия ұйымының төрағасы Бағдат Қалмұрзаев Бекзат Саттарханов қазақ спортының мақтанышы екенін айтып,оның ерлігі мен өрлігі жастарға мәңгі өнеге екенін жеткізді.

— Бүгінгі турнир тек спорттық жарыс емес, бұл – рухты көтеретін, бірлікті бекемдейтін, ел болашағы саналатын жастарды шыңдайтын маңызды сайыс. «AMANAT» партиясы бұқаралық спортты дамытуға әрдайым қолдау көрсетеді. Себебі дені сау ұрпақ – қуатты елдің кепілі. Бұл турнир жастарды жаман әдеттен алыстатып, спортқа баулудың, достық пен татулықты нығайтудың жарқын үлгісі. Біздің басты мақсат – ел ертеңіне жауапты, рухы биік, жігерлі ұрпақ тәрбиелеу, — деп атап өтті.

Жарыстың шешуші кезеңінде Түркістан қаласының намысын қорғаған екі команда – «РМЗ жастары» мен «Jom mobile» командалары өзара кездесіп, көрермендерге тартысқа толы әсерлі ойын сыйлады. Ақтық сында спортшылар жоғары шеберлік пен табандылық танытып, футзал жанкүйерлерінің зор қошеметіне бөленді. Турнир қорытындысы бойынша үздік ойыншылар арнайы марапатталып, жеңімпаздар кубоктар мен дипломдарға, естелік сыйлықтарға ие болды.

Атап өтуіміз қажет, «BEKZAT CUP» турнирі ұлт рухын көтеретін, ерлік пен өрлікті дәріптейтін тағылымды іс-шара болды. Бекзат Саттархановтың есімімен өткен бұл бәсеке жас ұрпақтың жүрегіне жігер, санасына сенім ұялатты. Бұқаралық спортты дамыту, жастардың әлеуетін арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу – партия жұмысының маңызды бағыты болып қала бермек және алдағы уақытта осы мазмұндағы іс-шаралар тұрақты өткізілетін болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды