«БІРЕУГЕ АҚЫЛ АЙТУ ҮШІН, ЕҢ ӘУЕЛІ ӨЗ ДЕҢГЕЙІҢ БИІК БОЛУЫ КЕРЕК»

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жақында ғана білім беру ұйымдарына конкурссыз қабылданған 21 жасты арнайы жинап, жаңа бастамаларына сәттілік тіледі. Бұл – жай ғана кездесу емес, қоғамдағы қатып қалған қасаң түсініктерге қарсы нақты іспен берілген жауап еді. Бұл туралы Шымкент қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Естеріңізде болса, Мемлекеттік білім беру тапсырысы немесе жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тапсырысы бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын тәмамдаған, оқу үлгерімі GPA 3,33-тен төмен емес және сертификаттаудан өткен түлектер конкурстық рәсімдерсіз қала мектептерінде жарияланған бос жұмыс орындарына қабылданған болатын. Бұл шешім – білімді, талапты, адал жастарға берілген шынайы мүмкіндік еді.

– «Асыл пышақ қын түбінде жатпайды». Сіздер сабақты жақсы оқысаң, ешқандай таныссыз, сыйлықсыз-ақ жұмысқа кіруге болатынын іс жүзінде көрсеткен жастарсыздар. Бұл мәселе, өкінішке қарай, Шымкент атымен бірге айтылатын сөзге айналып кеткен еді. Біз сол қасаң түсінікті жою үшін жұмыс жүргіздік. Нәтижесі – міне, сіздер. Конкурссыз қабылдадық, ендігі ең бастысы – өздеріңізді іспен дәлелдеу. Бұл – ең алдымен елдің болашағы үшін жасалып жатқан қадам. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатының дұрыстығын нақты іспен көрсетуіміз керек. Адалдық деген – өзіңе жүктелген міндетті шырқау шегіне дейін орындау. Сол үшін әрқайсымыз сауатты, заң мен тәртіп қағидатын берік ұстанған азамат болуымыз міндетті. Біреуге ақыл айту үшін, ең әуелі өз деңгейің биік болуы керек, – деді Сәрсен Абайұлы.

Бұл сөздер жастарға тек қолдау емес, үлкен жауапкершілік жүктеді. Себебі адал жолмен келген мүмкіндік – адал еңбекті талап етеді.

Жиында сонымен қатар қоғам талқысына ұсынылған жаңа Конституция жобасы да кеңінен сөз болды. Сәрсен Абайұлы 1995 жылы қабылданған Ата Заңның тарихи рөлін ерекше атап өтті. Ол кезең үшін бұл құжат мемлекетіміздің іргесін бекітіп, ел ішіндегі тұрақтылық пен сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге берік негіз қалады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды