Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Сарыағаш ауданына арнайы ат басын бұрды. Сапар барысында халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған бірқатар стратегиялық маңызы бар нысандардың жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен тікелей жүздесті. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Алдымен жұмыс сапарының кестесіне сәйкес, депутат «Дарбаза – Мақтаарал» темір жол желісінің Сарыағаш ауданы аумағында салынып жатқан бөлігіндегі құрылыс барысымен танысты. Бұл темір жол жобасы өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, жүк тасымалын жандандыруға және экономиканы дамытуға зор мүмкіндік беретіні атап өтілді. Құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінде орындалуына қатысты жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар берілді.
Келесі кезекте Темір Қырықбаев Сарыағаш қаласында сайлауалды бағдарлама аясында салынған А.Сүлейменов атындағы 300 орындық мектептің жұмысын аралап көрді. Заманауи талаптарға сай бой көтерген білім ордасының материалдық-техникалық базасы, оқу үдерісін ұйымдастыру мәселелері және оқушыларға жасалған жағдайлар қаралды. Депутат білім беру саласына инвестиция салу – ел болашағына жасалған маңызды қадам екенін атап өтті.
Одан кейін Мәжіліс депутаты аудандық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Қоғамдық қабылдау барысында азаматтар тарапынан әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық бағыттағы өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, отандық өнімдерді экспорттау кезінде туындайтын кедергілер, гүл және көшет өнімдерін субсидиялау, жеке меншікке өтіп кеткен ғимараттарды мемлекет меншігіне қайтару, каналдарды бетондау, табиғи газға қосу, сондай-ақ мектеп пен аурухана салу мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шараға Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Уәлихан Рахиев, Жәнібек Сүлейменов, партия филиалының төрағасы, фракция жетекшісі Шермат Ибрагимов, аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Құдрет Қыстаубаев, аудан әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов, дербес бөлім басшылары, тиісті сала жетекшілері, қала және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев қабылдауға келген әрбір азаматтың мәселесін мұқият тыңдап, тиісті сала басшыларының жауаптарын алды. Жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіретін мәселелерді жедел шешу бойынша нақты тапсырмалар беріліп, республикалық деңгейде қаралуы тиіс мәселелер бойынша Парламент қабырғасында депутаттық сауал жолданатыны айтылды.
Қоғамдық қабылдау тұрғындардың талап-тілегін ескеруге, халық пен билік арасындағы кері байланысты нығайтуға және өңірдегі өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталған маңызды диалог алаңы болды.

