БІЛІКТІ МҰҒАЛІМДЕРДІ МЕКТЕПКЕ ӘДЕЙІ ЖОЛАТПАЙДЫ

Мектептегі білім берудің ел мен қоғам өміріндегі рөлін асыра бағалау мүмкін емес. Ол жеке тұлғаның білім, білік, дағдыларын қалыптастырумен қатар, мәдени құндылықтар мен дүниетанымдық, идеологиялық негіздердің орнығуына тікелей ықпал етеді. Адами капитал мемлекеттің дамуындағы ең өзекті факторлардың бірі десек, мектеп сол капиталдың темірқазығы болып саналады. Осыған байланысты білім беру жүйесін дамыту мемлекет үшін денсаулық сақтау мен ұлттық қауіпсіздік секілді стратегиялық маңызы бар салалармен қатар, негізгі басымдықтардың бірі болуы тиіс. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сонымен қатар, білім беру жүйесін жетілдіру — күрделі әрі үнемі өзгеріп отыратын үдеріс. Тіпті дамыған елдердің өзі бұл саланы тиімді басқару барысында түрлі қиындықтарға тап болып жатады.

Қазақстанда білім беру саласындағы мемлекеттік саясат серпінді дамып келеді және қаржыландыру мәселесі де қомақты деңгейде шешімін табуда. Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды цифрлық реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарламалардың басты мақсаты – ел экономикасын дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру.

Осы орайда Шымкент қаласының әкімі Ғ. Ә. Сыздықбековтің тапсырмасымен қалалық білім басқармасында «Sana» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты — қаладағы барлық дерлік орта білім беру ұйымдарындағы оқу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету және білім сапасын арттыру.

Бағдарламаның жұмыс барысындағы талдау нәтижесінде 115 мектепте бірқатар кемшіліктер анықталды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрықтарының талаптары бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, аталған мектептерде ұзақ уақыт бойы 2000-нан астам педагогикалық вакансияның бар екені белгілі болды. Сонымен қатар, кейбір мектептерде мұғалімдерге 1,5 ставка орнына оқу жүктемесі шамадан тыс арттырылып, аптасына 40–60 сағатқа дейін сабақ жүктелген.

Сарапшылардың пікірінше мектептерде ұзақ мерзім бойы вакансиялардың болуы бұл салада мамандардың жетіспеушілігін немесе мұғалім мамандығының дефицитін білдірмейді. Керісінше, бұл – әдейі қалыптастырылған жүйелік схеманың нәтижесі.

«Мамандар жоқ. Сондықтан мектепте 1,5 ставканы сақтай алмаймыз» деген уәжбен оқу жүктемесі көбейтіліп сағаттар жасанды түрде үлестіріледі.

Егер мұғалім күніне демалыссыз, сабаққа дайындалмай 8 сағаттан жұмыс істесе, апталық жүктемесі 40 сағатты құрайды. Алайда педагогикалық қызметтің ерекшелігін ескерсек, бұл физикалық және кәсіби тұрғыдан мүмкін емес. Сондықтан көрсетілген жүктеменің бір бөлік сағаты оқушыларға берілмейді.

Осы жағдайда кейбір мектеп басшылары жалған табельдер толтырып, «лояльды» мұғалімдермен келісу арқылы бюджет қаражатын ұрлау схемасын жасайды.

 

«ЛОЯЛЬДЫ» МҰҒАЛІМ ДЕГЕН КІМ?

Бұл, әдетте: мектеп директорымен жеке таныстығы бар немесе жақын адамдар арқылы жұмысқа қабылданған тұлға; кәсіби және білім деңгейі төмен; жоғары білім туралы дипломының заңдылығы күмән тудыратын мұғалімдер.

Мұндай мұғалімдер заңсыз артық жүктеме арқылы «сабақ берілді» деп есептелген қосымша табысты мектеп директорына беріп отырады. «Лояльды» мұғалімдер бұл қаржыдан үлес ала бермейді, себебі олар үшін бастысы – «тұрақтылық», яғни:

— өзіне тиесілі жалақыны алып отырса,

— басшылық тарапынан тексеріс, қысым болмауы,

— қызметін сақтап қалу.

Өз білім деңгейіне сенімсіз болғандықтан, олардың осал тұстары көп, сондықтан директордың кез келген талабын заң ретінде қабылдайды.

Ал кәсіби деңгейі жоғары, білімі мен тәжірибесіне сенетін мұғалімдер мұндай заңсыз әрекеттерге бара бермейді, директордың айтқанына “соқыр” түрде бағынбайды. Осы себепті кейбір мектеп басшылары білікті мұғалімдерді мектепке әдейі жолатпайды.

Нәтижесінде аталған директорлар үшін білім деңгейі төмен болса да, айтқанын екі етпейтін, толық бақылауда болатын мұғалімдер тиімді.

Бұл жағдайдың салдары білім беру жүйесінің құлдырауына, болашақ ұрпақтың сапасына тікелей зиян келтіруге, сондай-ақ мемлекеттік бюджет қаражатының ұрлануына алып келуде.

Әрине, көпке топырақ шаша алмаймыз. Өз жұмысын адал атқарып жүрген қарапайым лайықты мұғалімдер мен білікті мектеп басшылары аз емес. Дегенмен, білім саласындағы осындай келеңсіз жағдайлар алаңдатпай қоймайды.

Қазіргі таңда жоғарыда аталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті қорытындылар жасалып, шаралар қабылдануда. Сабақ беру кестелері қала бойынша нормативтік құқықтық актілерге сәйкестендірілді. Сонымен қатар, тиісті материалдар құқық қорғау органдарына шара қолдану үшін жолданады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды