2 маусым 2025 жылы Сауран аудандық кәсіподақ комитетінің 2024-2025 оқу жылының қорытынды атқару комитетінің отырысы өтті. Жиынға Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Жандос Шайдулла, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Жұмағали Бекмурзаев және ауданға қарасты барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты. Бұл туралы Сауран аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынды аудан төрағасы Жұмағали Бекмурзаев ашып, 2024-2025 оқу жылында өткізілген іс-шараларға тоқталып, барлық бастауыш ұйым белсенділеріне алғысын білдірді. Ол өз сөзінде ұстаздардың әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауда кәсіподақтың маңызы зор екенін атап өтті.
Өз кезегінде сөз алған облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Жандос Шайдулла Сауран ауданында атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы педагогтардың жазғы демалысы мен сауықтыру шаралары жайында айтты. Сондай-ақ, ол кәсіподақ қозғалысы аясындағы бірлікті сақтау — ортақ жетістіктің кепілі екенін айтып, барша ұстаздар қауымына алғысын білдірді.
Жиын барысында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары да пікір білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді. М.Қазыбеков мектебінің бастауыш ұйым төрағасы Марат мырза кәсіподақ қозғалысының 100 жылдық мерейтойына қатысуға сенім білдіргені үшін облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Жандос Шайдуллаға алғыс айтып, барша әріптестерімен бұл қуанышты бөлісе отырып, бірлік пен ынтымақта жұмыс істеу маңызын атап өтті.
Ө.Жәнібеков мектебінің бастауыш ұйым төрағасы Нұрмат мырза биылғы оқу жылында көптеген мазмұнды іс-шаралар өткенін айтып, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, Жандос Шайдулла мырзаның жас болса да, кәсіподақ жұмысын жоғары деңгейде атқарып жүргенін ерекше атап өтті.
Жиын соңында бір жылдық жұмыстардың қорытындысы жасалып, белсенді ұйымдар марапатталды. Жүлделі бірінші орынды №3 мектеп иеленіп, бастауыш ұйым төрағасы Алғыс хат және медальмен марапатталды. Екінші орынды М.Әуезов мектебі, үшінші орынды Ө.Жәнібеков мектебі иеленіп, Алғыс хат және медальмен марапатталды. Сонымен қатар, Қожанов мектебінің төрайымы Динара ханым белсенділігі мен тапқырлығы үшін облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды. Жиын соңында аудан төрағасы Жұмағали Бекмурзаев барша қатысушыларға алдағы жазғы демалыстың сәтті, мазмұнды өтуін тілеп, жиынды қорытындылады.