Кентау қаласындағы №39 дауыс беру учаскесінде КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, бокстан Әлем кубогының күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қанатбек Шағатаев дауыс берді. Белгілі спортшы учаскеге ұлымен бірге келіп, өз таңдауын жасады. Спортшының референдумға келіп дауыс беруі — жастарға үлгі болып, елдегі маңызды оқиғаларға белсенді қатысудың маңызын көрсетеді, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қанатбек Шағатаев — спорттағы жетістіктерімен елге танымал тұлға. Ол 1991 жылы КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы атанса, 1994 жылы бокстан Әлем кубогының күміс жүлдесін иеленген. Сондай-ақ 12-Азия ойындарының жеңімпазы және көптеген халықаралық турнирлердің жүлдегері. 2008 жылдан бері ол Кентау қалалық бокс мектебінің директоры қызметін атқарып келеді. Бұған дейін Шымкент және Мәскеу қалаларында бапкер болып еңбек еткен. Қазіргі таңда мектепте 300-ге жуық жас боксшы жаттығып, шеберліктерін шыңдауда. Олардың арасында Қазақстан чемпионатында, Азия біріншіліктерінде жүлде алып жүрген дарынды спортшылар да бар.
Айта кетейік, Кентау қаласында республикалық референдум өткізу үшін 35 дауыс беру учаскесі таңғы сағат 07:00-де өз жұмысын бастады. Қала бойынша референдумға қатысуға құқылы дауыс берушілердің жалпы саны 56 099 азаматты құрайды.

