Бүгін Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов Шардара ауданына арнайы іссапармен келіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өткізді. Бұл туралы Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, мектеп директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, құқық қорғау органдарының өкілдері, арнаулы орта оқу орындарының және қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.
Жиын барысында қатысушылар «Қауіпсіз балалық шақ» концепциясы аясында кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, түнгі уақытта ата-анасының ертуінсіз тұрғын жайдан тыс жүруге тыйым салу, компьютерлік ойынханалар мен қоғамдық орындарда болу мәселесі, жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік, күш көрсету, өз-өзіне қол жұмсау (суицид), ерте жүктілік фактілерінің алдын алу бағыттарын талқылады.
Сондай-ақ бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын ата-аналарды анықтау және олармен жүйелі жұмыс жүргізу жолдары қарастырылды.
Облыс прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов:
«Балалардың өмір қауіпсіздігі мәселесі ешқашан назардан тыс қалмауы тиіс. Бейбіт елде әр бала бақытты болуға, қауіпсіз ортада өсіп-өркендеуге, дамуға, өмір сүруге құқылы. Біздің бүгінгі кездесуіміз – осы мақсатқа жетудегі маңызды қадам. Ата-аналар мен ұстаздардың бала болашағына деген жауапкершілігін арттыруымыз керек», – деп атап өтті.
Жиын барысында ұстаздар мен мамандар тарапынан ұсыныстар мен пікірлер тыңдалып, нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, мектеп директорлары мен психолог мамандарға, ювеналды полиция инспекторларына оқушылармен жұмысты күшейту міндеттелді.
Берілген тапсырмалардың орындалуы бір айдан соң қайта қаралып, нақты нәтижелері зерделенетін болады.

