Ұлт руханиятын ұлықтауда, тарихи тұлғалардың өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа насихаттауда «AMANAT» партиясы «Ұлттық мұра» жобасын іске асырып жатқаны белгілі. Жоба аясында ел тарихында айрықша орны бар тұлғалардың өмірі мен еңбегін кеңінен насихаттау, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлердің мұрасын зерделеу, әдеби-мәдени кештер, портреттік кездесулер, ғылыми-танымдық шаралар мен кітап көрмелерін ұйымдастыру жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Саяси ұйым айқындаған маңызды идеологиялық бастама аясында партияның Ордабасы аудандық филиалы аудандық орталық кітапханасымен бірлесіп, көрнекті жазушы, публицист, қоғам қайраткері Баубек Бұлқышевтің туғанына 110 жыл толуына орай «Ер өлмек емес ешқашан» атты мазмұнды әдеби портреттік кеш ұйымдастырылып, өткізілді. Әдебиет жанашырларын бір арнаға тоғыстырған шығармашылық кеш ұлттың рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығын кеңінен таныту, оның отансүйгіштікке, елдік пен ерлікке үндейтін ой-толғамдарын жас ұрпақ санасына сіңіру, ұлттық сана мен тарихи жадыны нығайту болды.
Кеш барысында Баубек Бұлқышевтің тағдырлы ғұмыры мен шығармашылық мұрасына арналған баяндама жасалып, публицистикалық еңбектерінен үзінділер оқылды. Оның шығармаларында көрініс тапқан өр рух, туған елге деген шексіз махаббат, болашаққа деген сенім бүгінгі жас ұрпақ үшін де тағылымды екені атап өтілді. Сонымен қатар жазушының өмірі мен еңбектерін қамтыған кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандар назарына ұсынылды.
Тағылымды жиынға «AMANAT» партиясы Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Әлиасқар Бердімұрат қатысып, Баубек Бұлқышевтің қазақ әдебиеті мен ұлттық сана қалыптастырудағы тарихи рөлі жайлы мазмұнды хабарлама жасады.
— Баубек Бұлқышев – қысқа ғұмырында ұлт рухын асқақтатқан, ел мен жерге деген адалдықтың биік үлгісін көрсеткен тұлға. Оның шығармалары бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жастары үшін де аса өзекті. «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы – тарихи тұлғалардың еңбегін ұлықтау арқылы жастардың бойына елжандылық пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге бағытталған маңызды алаң, — деп атап өтті.
Әлиасқар Бердімұрат мұндай іс-шаралардың тәрбиелік маңызына назар аударып, тарихын таныған, рухани тамырын сезінген ұрпақ қана елдің ертеңіне жауапкершілікпен қарайтынына сенім білдірді.
Жалпы, портреттік кеш «AMANAT» партиясының ұлттық құндылықтарды сақтау мен жаңғыртуға, қоғамда рухани сабақтастықты нығайтуға бағытталған жүйелі жұмысының жарқын көрінісі болды. Баубек Бұлқышевтің елдік рухқа толы шығармашылығы бүгінгі буын үшін де, келер ұрпақ үшін де сарқылмас рухани қазына екеніне баса мән берілді.

