БАСТЫ НАЗАР АЗАМАТТАРДЫҢ ӨМІР СҮРУ САПАСЫН ЖАҚСАРТУҒА АРНАЛДЫ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының жұмыс нәтижелері партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің қатысуымен өткен жұмыс жиынында қаралды. Облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев есепте кезеңде партияның Сайлауалды бағдарламасының өңірдегі міндеттері жүйелі түрде орындалып, нақты нәтижелерге қол жеткізілгенін айтты. Басты назар – сайлау алдында берген уәделерімізді орындауға, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, тұрғындардың табысын арттыруға, аймақтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын сақтауға, тұрғындардың құқықтарын қорғауға және қоғамдық сенімді күшейтуге арналғанын атап өтті. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Партияның Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында 136 индикатор, 568 іс-шара жоспарланса, соңғы үш жылға жуық мерзім ішінде кешенді жоспардың орындалуы 55 пайызға жетті, партия бақылауында тұрған 313 іс-шара толығымен орындалды. Соның ішінде 2025 жылға жоспарланған 121 іс-шараның 77-сі немесе 63,6 пайызы орындалып, қалғандарының іске асырылуы тұрақты бақылауымызға алынды. Облыс аумағындағы 28 нысанда партиялық бақылау бекеттері жұмыс істеуде. Оның 7 нысаны Жол карта аясында болса, 21-і – бюджет есебінен салынып жатқан нысандар.

Жол картасындағы тәуекелі бар нысандардың құрылысына қатысты мәселелер облыс басшылығымен бірлесе қарастырылып келеді және олардың орындалуы қатаң бақылауға алынған. Мәселен, осы санаттағы «Созақ-Тасты-Қылти» автожолы мен Мақтаарал ауданындағы 4 мектептің құрылысына қатысты мәселелер шешімдерін тауып, пайдалануға берілсе, Бәйдібек ауданы, Шаян ауылындағы 300 орындық мектептің құрылысы аяқталып, осы айда іске қосылмақ. Түркістан қаласындағы «Ана мен бала» орталығының құрылысы Біріккен Араб Әмірліктерінің инвестициясы есебінен қарқын алды.

Партия бекіткен жоспарда агроөнеркәсіптік кешенге ылғал үнемдеу технологиясын енгізуді 50 мың гектарға жеткізу көзделсе, есепті мерзімде, бұл көрсеткіш 59 мың гектарды құрап, 118 пайызға артығымен орындалды. Бұл бағытта Арыс қаласы мен Отырар ауданы аумағында 32 мың гектарға жаңа технологиялармен мақта егіліп, ылғал үнемдеу технологиясы қолданылды. Нәтижесінде, орташа өнімділік облыстың орташа өнімділігінен екі есе артып, гектарына 45 центнерден өнім жиналды. Алдағы уақытта, егіс алқабы 60 мың гектарға жететін болады.

Алынған мақта өнімін өңдеуде Түркістандағы «Tұран» арнайы экономикалық аймағында мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттауға арналған көпсалалы кешеннің құрылысы басталды. Жоба құны 146,8 млрд. теңгені құрап, толық циклді мақта өңдеу, тоқыма, иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу бойынша 4 зауыт салынатыны айтылды.

Есеп беру жиынында депутаттық корпуспен өзара іс-қимыл да айтарлықтай күшейгені мәлімделді. Облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттардағы фракция депутаттары өңірдегі өзекті мәселелерді тұрақты көтеріп, олардың шешіміне тікелей ықпал етіп келеді. Жыл басынан бері депутаттық фракциялардың 60 отырысы өтіп, 140 мәселе қаралды. Депутаттар Сайлауалды бағдарламаның орындалуы мен қысқы жылу маусымына дайындық секілді өзекті мәселелер қарастырып, облыс әкімі орынбасарының, салалық басқармалар мен аудан, қала әкімдерінің, коммуналдық сала басшыларының есептерін тыңдады. Депутаттық корпус алдында Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, денсаулық сақтау, білім, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшылары, Арыс, Түркістан, Кентау қалалары мен  Мақтаарал, Қазығұрт, Келес, Ордабасы, Созақ аудандарының әкімдері, «QazaqGaz Aimaq», «Интер Газ Орталық Азия», «КазАвтоЖол» акционерлік қоғамдарының, Кентау қаласындағы №5 жылу энерго орталығының басшылықтары, Түркістан, Түлкібас, Сайрам, Төлеби, Келес аудандық фракция жетекшілері есеп берді, өзекті мәселелерді бірлесе қарастырып, ортақ шешімдер қабылданды.

Партияның Түркістан облыстық филиалы Сайлауалды міндеттердің орындалуын – партияның абыройы және қоғам алдындағы жауапкершілігінің өлшемі деп біледі. Партия бекіткен кешенді жоспар аясында инфрақұрылым тарту, ауылдарды ауыз сумен қамту, жол жөндеу, білім, медицина, мәдениет, спорт нысандарын салу, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша нақты жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды