Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың аудан тұрғындарымен кездесуі Қасқасу ауылдық округіндегі Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиын барысында аудан басшысы Еркеғали Амантайұлы ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндап, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Округ тұрғындары ағын су, жол жөндеу, ауызсу жүйесін жаңарту, түнгі жарық шамдарын орнату, жаңадан салынған тұрғын үйлердің құжаттарын рәсімдеу, табиғи газға өтемақы мөлшері, тұрғын үй құрылысына жер бөлу, мал жайылымы және инфрақұрылымды жақсарту мәселелерін көтерді.
Сондай-ақ, қоқыс жинау қызметінің сапасына қатысты шағымдарын айтып, үйлерге апаратын 200 метр жолды жөндеу, интернет желісін тұрақтандыруды сұранды. Ауыл халқы газ құбырын тартқан мамандарға алғыстарын білдірді. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында атқарылған жұмыстар бойынша да сұрақтар қойылды.
Әкім әрбір ұсынысты жеке назарға алып, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
«Ұсыныстарыңыз орынды, пікірлеріңіз маңызды. Әрбір айтылған мәселе назардан тыс қалмайды. Басты мақсатымыз — тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және ауылдарды дамыту», — деді аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы.
Кездесу соңында аудан әкімі Қасқасу ауылдық округінде өмір сүру сапасын арттыру, ауыл шаруашылығын дамыту және инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын атап өтіп, тазалықты сақтауға шақырды.

